Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды халықтан сатып алу акциясын өткізеді
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды халықтан сатып алу акциясын өткізеді.
Бұл туралы бүгін елордада ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Аталмыш шара 2012 жылғы 1 ақпан - 31 наурыз аралығында өтпек.
«Тіркелмеген атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Қару-жарақ құралдарын ерікті тапсырғаны үшін мемлекетпен төленетін төлем көлемі әр қару бірлігі үшін оннан бастап жүз еселік айлық есептік көрсеткішке дейін көзделген», - дейді ресми өкіл.
Атыс қаруларын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды қабылдау ішкі істер органдарының әрбір аумақтық бөлімшелерінде жүргізіледі.
Ішкі істер министрлігі 2008 жылы осыған ұқсас акция өткізген болатын. Оның барысында 14 мыңнан астам заңсыз қару алынды.