15:01, 03 Наурыз 2010 | GMT +5
Ішкі істер министрлігінде 210 бала маскүнем ретінде тіркеуде тұр - А. Әубәкіров
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ішкі істер министрлігінде 210 бала маскүнем ретінде тіркеуде тұр.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ІІМ орынбасары Амантай Әубәкіров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ішкі істер министрлігінде кәмелетке толмаған 19 мың бала есепке алынған, олардың 1 мың 786-сы спирттік ішімдіктерге әуес. Ал олардың ішіндегі 210 бала маскүнем ретінде тіркелген. Бұдан бөлек, министрліктің есебінде республика бойынша тұрмыс-жағдайы нашар 13 мың 340 отбасы тіркелген, бұл отбасыларда 24 мың 565 бала тәрбиеленуде. Біз осындай отбасыларды ұдайы қадағалап, ондағы тәрбиені бақылауда ұстаймыз», деді А. Әубәкіров.