17:27, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ішкі істер министрлігінің өкілдері жүргізуші куәлігіне берілетін талондарды немен алмастыруға болатындығын ойластыруда
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігі жүргізуші куәлігіне берілетін талондарды мүлдем алып тастау туралы Үкімет қаулысының жобасын дайындауда. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Бағдат Қожахметов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, аталмыш қаулы күшіне енетін болса, еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу қажет болады.
Оның ішінде «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекс те бар. «Осыған байланысты қазір Ішкі істер министрлігі мен Жол полициясы комитеті талондарды немен алмастыруға болатындығымен бас қатыруда. Өйткені жол ережесін қайталап бұзғаны үшін тартылатын жауапкершілікті алмастырып тастайтын болса, жолдағы жағдайдың оңалмайтыны анық» дейді Б.Қожахметов. Осыған байланысты ол жүргізуші куәлігіне берілетін талондарды алып тастауға қатысты бірқатар мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, 2004 жылы жүргізуші куәлігіне жол ережесін қайталап бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді қарастыратын қосымша құжат енгізу туралы Үкіметтің қаулысы шыққан. Ал талондар осындай кемшіліктерді тіркеу құралы ретінде пайдаланылмақ болған. Оған бюджеттен арнайы қаржы бөлінуі қажет еді. «Алайда үкімет пен экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі бұл бастаманы қолдамады. Бірақ жобаны жекелеген ұйымдармен бірлесіп жүзеге асыру шарасы ұсынылды. Осыған орай процессинг орталығы деген ұйым пайда болып, ол өзінің қаржысын осы жобаға салуға ниетті екендігін білдірді. Сөйтіп, аталған орталықпен талондар мен есептеу құралдарын және инспекторларға арналған карточкаларды, сондай-ақ қажетті компьютерлік техникаларды тегін алып беретіндігі жөнінде келісім жасалды. Процессинг орталығы жобаны жүзеге асыру барысында келісім талаптарынан айнып шыға келді. Сосын талондарды сата бастады. Ал Ішкі істер министрлігінің оған тосқауыл қою жөніндегі әрекеттері нәтижесіз қалды. Өйткені заңгерлер аталған орталықтың әрекеттерінің заңды екендігін дәлелдеумен болды. Қорыта айтқанда, орталық талондарды уақытында дайындап берген жоқ. Ал біз осы себептен талондарды таратып үлгермедік. Сөйтіп оны тарату мерзімін тағы да кейінге сырғытуға мәжбүр болдық. Жаңа жылдың алдында Мәжіліс депутаттарымен келісе отырып, министрлік талондардан бас тарту туралы шешім қабылдады» деді Б.Қожахметов. Оның сөзінше, депутататтармен болған Мәжіліске процессинг орталығының жетекшісі Павел Устюгов та қатысып, талондарды сатып алған жүргізушілерге қаржыларының қайтарылатындығын айтқан. «Қазіргі таңда ішкі істер министрлігі Үкіметке 2004 жылғы қаулысының күшін жою туралы арнайы хат жолдады. Үкімет басшысы бұл ұсынысты қолдады» деді департамент бастығы.