18:33, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ішкі істер министрлігінің жүргізушілер куәлігіне қоса беруді ұсынып отырған талондары банк заңнамалары мен стандарттарына қайшы ? Бас прокуратура
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігінің жүргізушілер куәлігіне қоса беруді ұсынып отырған талондары банк заңнамалары мен стандарттарына қайшы.
Бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов қоғам арасында үлкен пікірталас тудырған жүргізуші куәлігіне берілетін талондарға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты кезінде тиісті органдар мен мекеме өкілдері өздерінің қарсылықтарын білдірген. Яғни бұл мәселе Ұлттық банкпен және қаржылық қадағалау органдарымен келісілмеген. «Қазақстанның процессинг орталығы» акционерлік қоғамы Ұлттық банктің қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы төлем кәртішкелерін шығару мен пайдалану туралы» талаптарын бұза отырып, өзінің банк ұйымына жатпайтындығына және банк операцияларын жүзеге асыруға қажетті лицензиясының жоқтығына қарамастан, төлем кәртішкелерінің қызметін атқаратын электронды талондар шығарған. «Бұны арнайы тексеру жұмыстары барысында Ұлттық банк пен қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын қадағалау агенттігінің мәліметтері де растап отыр. «Қазақстанның процессинг орталығы» акционерлік қоғамы мен Ішкі істер министрлігі тіпті осы күнге дейін банктермен біржақты келісімге келе алмай отыр» дейді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда, талондарды айыппұл төлеуге қажетті төлем кәртішкелері ретінде пайдалану процессинг орталығының пайда табу мақсатындағы бастамасы және ол еліміз заңдарының талаптарына сай емес.