16:35, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Ішкі істер органдары шетелдіктерге елімізде тұру рұқсатын заңсыз беріп келген фактілер анықталды ? Бас прокуратура өкілі
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер органдарында шетелдіктерге тиісті құжаттарының толық болу-болмауына қарамастан елімізде тұрақты тұруларына рұқсат беру фактілері анықталды.
Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған апталық брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.С. Нұрпейісовтың сөзіне қарағанда, прокуратура бұл мәліметтерді ішкі істер саласының еліміздің «Халықтың көші-қоны туралы» заңын орындау бойынша өткен жылдың 9 айында атқарған жұмыстарына жүргізген тексерулері барысында анықтаған. «Шетелдіктер әдетте елімізге квотасыз келіп-ақ жұмысқа орналасып, осында тұрақты тұруға ұмтылады. Ішкі істер органдарының мәліметтері бойынша, қазір мұндай құқыққа 120 мыңнан астам шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие», - дейді ресми өкіл. Оның сөзіне қарағанда,«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 24-ші бабында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға және жұқпалы аурулары бар, сондай-ақ шетелдіктердің елімізде жүріп-тұруына байланысты заңдарды бұзғандар мен төлемпаздық қабілеті жоқ азаматтарды жіберуге шектеу қойылған. Осыған байланысты елімізге тұрақты тұруға келген шетелдіктер арнайы рұқсат алу үшін өзі келген аудандағы жергілікті ішкі істер органдарына, ал Астана мен Алматыда қалалық Ішкі істер департаментіне келіп, медициналық анықтамасы мен мемлекеттік баж салығын төлегендігі және төлем қабілеттілігі жөніндегі құжаттарын көрсетуі тиіс. «Біз тексерулер барысында құзырлы орган өкілдерінің шетелдіктерге елімізде тұрақты тұру рұқсатын осы құжаттарсыз-ақ беріп келгендігін анықтадық. Мысалы, Ақтөбе қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері Қырғызстан азаматына салық төлемегендігіне қарамастан рұқсат берген. Мұндай оқиға Шығыс Қазақстан облысында да орын алған. Жалпы мұндай фактілер республиканың көптеген аймақтарында кездесті. Бұның барлығы да жемқорлыққа негіз болатын заңсыз әрекеттер», - деді Бас прокуратура өкілі.