«Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді оқытуды жүйелендіру» тақырыбында өткізілген семинар-кеңес өтті

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде 2012 жылдың 14 маусымында республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбековтің қатысуымен «Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді оқытуды жүйелендіру» тақырыбында бейнесеминар-кеңес болып өтті.

«Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді оқытуды жүйелендіру» тақырыбында өткізілген семинар-кеңес өтті

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің  баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, сонымен қатар барлық мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл бөліністерінің өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесті ұйымдастырудағы басты мақсат - еліміздің құқық қорғау органдарындағы мемлекеттік тілді оқытуды біріздендіру, жүйелендіру.

Ішкі істер министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетімен және Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесе отырып, «Ішкі істер органдары қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқытуға арналған бірыңғай әдістемелік бағдарлама» жобасын әзірлеуді қолға алған. Бағдарламада  полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметте қолданылатын кәсіби терминдерін үйрету көзделген.

http: www.iim.gov.kz сайтында «Мемлекеттік тілді дамыту» бөлімі ашылды.

 Сондай-ақ, электрондық көмекші құрал әзірленген, электрондық сөздік барлық жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін ІІМ-нің Веб-порталында орнатылды.

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ішкі істер органдарындағы барлық басшы лауазымдағы қызметкерлерге арналған «Мемлекеттік тіл» курсы ұйымдастырылды.

Бүгінгі күні еліміздің ішкі істер органдарында 15 мыңнан аса қызметкер мемлекеттік тілді оқып-үйренуде.

Тағы бір айта кететін жайт, биылғы жылы Ішкі істер министрлігінде алғаш рет аумақтық ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында он-лайн режимінде мемлекеттік тілден емтихан өткізілген. Аталмыш іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Ел тыныштығын сақтайтын, қоғамдық қауіпсіздікті қорғайтын, халықпен бетпе-бет жұмыс істейтін сақшыларымызға арнап көмекші құрал ретінде әр сала (жол полициясы, көші-қон полициясы, қоғамдық қауіпсіздік қызметі) бойынша тілдескіштер басып шығарылған.