Ішкі істер органдарының өкілдері Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алды

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында «Отан қорғаушылар» алаңында «Отан-Ана» монументіне гүл қою рәсімі болып өтті.
None
None

Салтанатты шараға Ішкі істер министрлігінің басшылығы, ардагерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері - ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің ардагерлері, ардагерлердің жесірлері, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген адамдар қатысты.

Іс-шараға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ардагерлер мен шақырылған қонақтардың алдында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, ішкі істер органдары мен ішкі әскерлердің қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, ішкі істер органдарының ардагері, Ұлы Отан соғысының қатысушысы Айдархан Бәйкен сөз сөйледі.

Ішкі істер министрі Қ. Қасымов: "Сұрапыл жылдардағы ұрпақ уақыттың қатал сынынан өтіп, жауды жеңді. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде Ұлы Отан соғысының қатысушылары - ішкі істер органдарының қызметкерлері қоғамның күйреуімен және белең алған қылмыспен белсенді күресіп, азаматтардың құқығын қорғады, ішкі істер органдарының нығаюына және дамуына лайықты үлес қосты", - деп атап өтті.

Гүл дестесін қою салтанатынан кейін және қаза болғандарды үнсіздікпен еске алғаннан кейін ардагерлер мен шақырылған қонақтардың алдында ішкі істер органдарының елордалық гарнизонының бөліністері үрмелі аспаптардың сүйемелдеуімен салтанатты шерумен өтті.

Іс-шараға Ұлы Отан соғысының 52 қатысушысы, ардагерлердің жесірлері, тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген адамдар қатысты.

Соңғы жаңалықтар