Ішкі көші-қон көрсеткіші жылына 300 мың адам деңгейінде тұрақтады - Г. Әбдіхалықова
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның ішкі көші-қон көрсеткіші жылына 300 мың адам деңгейінде тұрақтады.
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері және көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру перспективалары» тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференция барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осылай мәлім етті.
«Облысаралық және облысішілік көші-қон үдерістеріне соңғы 20 жылда 5 млн.-нан астам адам қатысты. Бүгінгі күні ішкі көші-қон көрсеткіші жылына 300 мың адам деңгейінде тұрақтады. Ішкі көші-қонның негізгі бөлігі - бұл ауыл адамдары және сараптаулар ішкі көші-қонына қатысушылардың бейімделу мүмкіндіктері төмен екендігін көрсеткен», деді Г. Әбдіхалықова.
Министрдің айтуынша, көші-қон мәселесі барлық жағдайда жасампаз күш бола алмайды. Яғни, даму үдерістерімен бірге, көші-қон бірқатар айтарлықтай проблемаларды тудырады. «Мәселен, заңсыз көші-қон, зияткер кадрлардан айырылу, көшіп-қонушылардың ел аумағына теңгерімсіз орналасуы, жергілікті еңбек нарығындағы бәсекелестік - бұның бәрі қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттік қауіпсіздікке қатер төндіреді. Қабылданған шараларға, белгілі бір оң жағдайлар орын алғанына қарамастан реттелетін көші-қон үдерістерінде бірқатар алаңдауға тұрарлық мәселелер бар. Біріншіден, бұл ұлттық заңнаманың жетілмегендігі. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамада еңбек және этникалық көші-қон мәселелері ғана реттелген. Көші-қон үдерістеріндегі ақпараттық қамтамасыз етулердің де жеткіліксіздігі байқалады. Көші-қон үдерістерін есепке алудың, болжаудың, жоспарлаудың бірегей жүйесі жұмыс істемейді», деді Г. Әбдіхалықова.