Ішкі нарықта газ тұтыну көлемі артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылы ішкі нарықта 19,3 млрд текше метр газ тұтынылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі нарықта газ тұтыну көлемі артып келеді

«2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықта тауарлық газды тұтыну 19,3 млрд текше метрді құрады. Оның ішінде 42 пайызын өнеркәсіптік кәсіпорындар, 25 пайызын халық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, 33 пайызын отын-энергетикалық кешендер тұтынды. 2020 жылмен салыстырғанда газ тұтыну 2 млрд текше метрден астам айтарлықтай өскенін атап өткім келеді. Осыған байланысты министрлік QazaqGaz және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп ресурстық базаны ұлғайту жөнінде бірқатар іс-шара қабылдап жатыр», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, біріншіден, газ жобалары үшін фискалдық преференцияларды көздейтін жер қойнауын пайдалануға жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданды.

Екіншіден, жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа ынталандырушы формуласы қабылданды.

Бұл газ кен орындарына инвестиция тартуды қамтамасыз етеді.

«Үшіншіден, «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz ұлттық компаниялары газ кеніші мен жаңа кен орындарын игеруге енгізу бойынша жол картасын әзірледі. Төртіншіден, ірі кен орындарының акционерлерімен газ өңдеу қуатын салу бойынша келіссөз жүріп жатыр. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі газ импорты мәселелерін пысықтауда», - деді Болат Ақшолақов.