Ішкі нарықтағы тауар айналымы импорт пен экспорттық айналымдармен сәйкес емес
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Еліміздің ішкі нарығындағы тауар айналымы импорт пен экспорттық айналымдармен сәйкес келмеуде.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.
«Кеден заңнамасының қолданыстағы тұжырымы негізінен Қазақстанда жүргізіліп жатқан екі бағыттағы бизнес бойынша қалыптасқан. Оның бірі - импорт пен экспортқа қатысты болса, екіншісі - елдің ішкі бизнесіне байланысты. Жалпы, Қазақстанға келіп кіретін тауарлар импортының басым бөлігі негізінен жеке тұлғаларға тиесілі. Ал жеке тұлғалардың тауар импорты дегеннің өзі шым-шытырық. Мәселен, шекара арқылы тауар өтеді, ол бойынша кеден төлемдері жасалады. Ал содан соң қазақстандық ішкі нарыққа енген бұл жеке тұлға «жоғалып» кетеді. Өйткені, заңнамаға сәйкес, жеке тұлға елдің ішкі жағында кәсіпкерлікпен шұғылдана алмайды. Ал әлгі шеттен келген бүкіл тауарды бір кәсіпкер немесе кәсіпорын сатып алады да, сөйтіп түп тарихы импорттан басталған тауар қазақстандық нарыққа шыға келеді», - дейді Болат Жәмішев. Оның айтуынша, мұндай бизнес-үдерістегі әкімшілендірудің алшақтығы бірқатар проблемалар тудырады.
«Еліміздің ішкі нарығындағы тауар айналымы импорт пен экспорттық айналыммен сәйкеспей тұр. Сондықтан да, біздің міндет сыртқы экономикалық қызметте де, ішкі нарықтағы айналымда да «өтпелі» әкімшілендіруді қамтамасыз етуге қатысты болып отыр. Ал мынадай жеке тұлғалар шеттен тауар кіргізіп, өздері «жоғалып» кетіп жатса, сосын оны ішкі нарықта саудалайтын кәсіпкерлер пайда болып жатса, онда «өтпелі» бақылау да мүмкін болмайтыны анық. Сондықтан да, алдағы уақытта осы мәселені шешу үшін кедендік және салықтық әкімшілендіруді тұтас жасауды қолға алмақпыз», - дейді Б. Жәмішев.
Оның айтуныша, бұл үшін уәкілетті экономикалық операторлар жүйесін дамыту қажет. Яғни, ұсақ бизнестің қызметі де кейіннен бақылауда тұратын ұйымдар арқылы жүзеге асуы шарт. «Бұл қадамның өзі біздің ойымызша, жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық қызметке дестемулизациясын қамтамасыз етуі тиіс. Осы бағытта қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп қалуы мүмкін. Ал оның аясында «тауарлардың коммерциялық топтамасы» термині айқындалуы шарт. Егер қандай да бір адам жеке пайдалануы үшін күнара мыңдаған шәркей (тапочка) сырттан әкеліп жатса, онда «жеке пайдалануға» дегеннің өзі артығырақ. Ендеше, ондай жеке тұлға әкелетін затын толықтай, тіпті ол 50 келіге жете ме, жетпей ме соған қарамастан декларациялауы керек. Біз ешқандай тыйым туралы айтып отырған жоқпыз, экономикалық тәсілдерді ұтымды қолдануды айтып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, әлгіндей жолмен тауар таситын жеке тұлға өзінің «бет пердесін шешіп» кәсіпкер ретінде тіркелсін», - деп түсіндірді министр.