Иштван Бочкай турнирі: Үш боксшымыз жарысты сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Кеше Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан халықаралық Иштван Бочкай атындағы турнир басталды.
Жарыстың алғашқы күнінде төрт қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, оның үшеуі келесі айналымға өтті.
Атап айтар болсақ, 60 келідегі Бейбарыс Жексен моңғолиялық қарсыласын, 63,5 келідегі Ертуған Зейнуллинов пен 71 келідегі Сабыржан Аққалықов Венгрия боксшыларынан басым түсті.
Өкінішке қарай, 75 келідегі Диас Молжігітов қарсыласына жол берді.
Аталған халықаралық турнирде негізінен жас былғары қолғап шеберлері аттанған болатын.
Олардың қатарында Асхат Жүсіпов (48 келі), Даниял Сәбит (51 келі), Кенже Мұратұлы (54 келі), Самат Жетібаев (54 келі), Асылжан Серікбай (57 келі), Жексен Бейбарыс (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Рахат Сейітжан (67 келі), Сабыржан Аққалықов (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Темірлан Мұқатаев (86 келі), Данияр Рахымбердиев (92 келі) пен Дамир Тойбай (92 келіден жоғары) бар.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қазақстандық боксшылар аталған турнирден 9 медаль олжалап қайтты: 6 алтын, 3 қола. Осылайша жалпы есепте ел құрамасы бірінші орынды жеңіп алған болатын.