Ісік ауруларына күдік болғанда емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» ережесі енгізілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Амбулаториялық жағдайда көмек көрсетудің жаңа қағидалары бекітілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ісік ауруларына күдік болғанда емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» ережесі енгізілді

«Сондай-ақ, азаматтардың көптеген өтініштерін ескере отырып, амбулаториялық жағдайда көмек көрсетудің жаңа қағидалары бекітілді. Онда жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтерді тікелей алу көзделген», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Министрдің атап өтуінше, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарау мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» ережесі енгізілді. Яғни қандай да бір ісік ауруларына күдік болса, барлық зерттеулерді 18 күнің ішінде емханалардан өтіп болуы керек. Олар: зертханалық зерттеулер, ЭКГ, рентген, КТ, МРТ, ультрадыбыстық және эндоскопиялық зерттеулер.

«2025 жылға қарай 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу, ауыл тұрғындары мен балаларға арналған профилактиканың жаңа тәсілдерін енгізу, яғни Check-Up өткізу, пациентке бағдарланған мобилдік бригадалар, үздік практика орталықтары, ауруларды басқару бағдарламасы жетілдірілетін болады. Консультациялық-диагностикалық қызметтерді кеңейтілуде», - деді Ажар Ғиният.