Искар Курбаев Wrestling Stars турнирінің жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан Wrestling Stars турнирінің грек-рим күресінен 55 келі салмақта жеңімпаз анықталды. 

Курбаев Искар Wrestling Stars турнирінің жеңімпазы атанды
Фото: Мұхтар Қалимоллаұлы

Алтын жүлдені сарапқа салу үшін бозкілемге төрт жылға жуық үзілістен кейін оралған әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жаханша Қорлан және 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы Искар Курбаев шықты. Тартысты өткен белдесуде, Қорлан тамаша әдіс жасап көзге түсті. Алайда, екінші кезеңде Искар шабуылды арттырып, қортындысында 9:5 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, әлемдік күрес жұлдыздары бас қосатын дәстүрлі Wrestling Stars турнирі Астанадағы Beeline Arena спорт кешенінде өтіп жатыр.

Додаға екі дүркін әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Франк Чамисо және Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, албаниялық Черман Валиев, әзербайжандық Аганазар Новрузов, өзбекстандық Мирзо Хайтов, қырғызстандық Алмаз Сманбеков сынды шетелдік танымал балуандар келді.

Сондай-ақ еркін күрестен үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола, Азия ойындарының күміс жүлдегері Данияр Қайсанов және еркін күрестен Азия чемпионы Санжар Досжанов, Азия чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Қартбай әлемдік турнирде бақ сынайды.