Ислам даму банкі қаржысына елімізде 9 жаңа су қоймасы салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Бакуде өтіп жатқан Дүниежүзілік климат саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында Қазақстандағы су ресурстарын дамыту жобасын іске асыру үшін ұзақмерзімді қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Осыған орай Премьер-Министрдің орынбасары –Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров маңызды құжаттың жай-жапсары туралы айтты.
«Қазақстан Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстанда су ресурстарын дамыту жобасын іске асыру үшін ұзақмерзімді қаржыландыру шартына қол қойылды. Осы шартқа сәйкес, Ислам даму банкі Қазақстанға 1 млрд 153 млн доллары көлемінде ұзақмерзімді қаржы бөліп отыр. Қол қою рәсіміне қатысқан ИДБ президенті әл-Джассер мырзаның айтуынша, бұл жоба Ислам даму банкі тарихында қаржыландырылатын ең ірі жоба саналады. Осы жобаны іске асырудың арқасында елімізде 9 жаңа су қоймасы салынады немесе қайтадан жаңғыртылады. Сонымен қатар 3,5 мың шақырым арна желісі қайта салынады. Осының арқасында ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын суармалы жердің көлемін 330 мың гектарға ұлғайтамыз. Жобаның іске асырылуы еліміздің жалпы су шаруашылығы инфрақұрылымын қайта жаңартып, қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді», - деді Нұрлан Байбазаров.
Оның атап өтуінше, ИДБ талабына сәйкес, аталған жобаны іске асыру үшін халықаралық тәжірибесі бар гидротехника саласындағы ең үздік компаниялар елімізге тартылады.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдады.