Ислам даму банкі тобының отырысында жаңа қаржылық келісімдер жасалды
АСТАНА.KAZINFORM — Әзербайжан астанасы Баку қаласында Ислам даму банкі тобының 51-ші жыл сайынғы отырысы басталды. Іс-шараға ондаған елдің үкімет өкілдері, халықаралық қаржы ұйымдары, инвестициялық қорлар мен бизнес қауымдастықтарының мүшелері қатысып жатыр.
Алғашқы күннің негізгі оқиғаларының бірі Әзербайжанның Экономика министрлігі мен Экспорт пен инвестицияларды ынталандыру агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылған Инвестициялық форум болды.
Форум барысында елдің инвестициялық ахуалы, инфрақұрылымды дамыту, жылжымайтын мүлік нарығы, жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген Әзербайжанның экономика министрі Микаил Джаббаров бұл шара халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және исламдық қаржы институттарымен серіктестікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Жиын аясында Ислам даму банкі тобына кіретін Халықаралық исламдық сауда қаржыландыру корпорациясы жалпы құны 260 миллион доллар болатын бірқатар келісімдерге қол қойды.
Олардың ішіндегі ең ірісі — Гамбиямен жасалған үш жылдық негіздемелік келісім. Құны 250 миллион доллар болатын бұл құжат энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жеке секторды қолдауды көздейді.
Сонымен қатар Тәжікстанмен мақта және мақта өнімдерінің саудасын қолдау үшін 10 миллион доллар бөлу туралы келісім жасалды. Қаражат фермерлерден шикізат сатып алуға және саланың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталады.
Бұдан бөлек, Халықаралық қаржы корпорациясы мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерде сауда қаржыландыруына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.
Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы отырысы Бакуде 19 маусымға дейін жалғасады. Биылғы жиын «Тұрақты әл-ауқат жолындағы өңірлік интеграция» ұранымен өтуде.
Форум инвестициялар, экономикалық ынтымақтастық және орнықты даму мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаң ретінде қызмет етеді.
Еске салайық, биыл мамыр айында Бакуде «Баршаға баспана: қауіпсіз және тұрақты қалалар мен елді мекендер» тақырыбымен WUF13 халықаралық форумы өткен болатын.
Айта кетейік, Ислам даму банкі Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына $1,3 млрд бөледі.