Ислам діні барлық істе салиқалылық пен сабырлылыққа үндейді - республикалық басылымдарға шолу
ТАНА. 5 қараша. Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрбан айт мейрамына байланысты бүкіл мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтады. Елбасының құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарияланды. Онда: «Дәстүрлі дініміз Тәуелсіздікпен бірге түлеп, халқымызға қайтып оралды. Бүгінде бейбітшілік белдеуіне айналған Қазақстанда ислам діні кеңінен қанат жайып келеді. Биыл еліміздің күллі мұсылман әлемінде беделі зор Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына басшылық жасап отыруы - соның айқын айғағы. Ендеше, Алла Тағала баршамыздың айттан айтқа аман жетуімізді жазсын, ағайын! Келешегімізді кемел, жүзімізді жарқын етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, бауырымыз бүтін болсын!», - делінген.
2011 жылдың 20 қазаны күні еліміздегі белгілі сайттардың бірі «Тенгринюс.kz» «Қазақстан халқының 1/3 бөлігі Ресейге және Шығыс Еуропаға көшуге дайын» деген мақала жариялаған болатын. Осыған орай Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов «Егемен Қазақстан» газетінде «Қауып айтқандар халық алдында жауап берсін» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда жоғарыда аталған мақалада халықтың Қазақстаннан кетуге бел бууының бірінші себебі - азаматтардың материалдық-қаржылық жағдайының нашарлауы, екінші себебі мемлекеттің тіл саясаты деп атап көрсетуіне нақты дәлелдермен қарсылық білдірген. «Ал мынадай мақалаларға жол беру еліміз, жеріміз туралы азаматтар арасында, шетелдік әріптестеріміздің алдында өзгедей жарнама жүргізу деп ойлаймын. Сондықтан шындыққа жанаспайтын мәліметтерді жариялауға жол берілмеуі керек», - дейді халық қалаулысы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Атырауда орын алған жарылысты мойнына алған «Халифат әскерлері» деген ұйымның бары күмән туғызады. Бұл туралы кеше Астанада жұмысын бастаған «Еркін сөз» пікірталас клубының алғашқы отырысына келген «Нұр Отан» ХДП хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мәлімдеген. Журналист Берік Уәли жүргізген клуб беташар сұхбатының тақырыбын қырғыз еліндегі президент сайлауы мен Қазақстанда орын алған лаңкестік оқиғаларға арналған. Мақала «Қырғыз саясатында шетелдің ықпалы өте зор» деген тақырыппен берілген.
«Парламент құрамының кемінде 30 пайызын әйелдер жасақтауы тиіс. Бұл туралы «Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер - бәсекелестікті әлемге апаратын көпір» атты дөңгелек үстел барысында айтылды», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Әйелдер Парламенттен орын сұрайды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Рашида Наубетованың пайымына қарағанда, егер Парламенттегі әйелдер үлесі 30 пайызға жеткізілсе, елдегі саяси шешімдер «әлеуметтік жағдайды көбірек бағдар тұтып, салмақтырақ әрі әділеттірек бола түспек».
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында Қазақ радиосының ардагері, International Educational Center президенті Раушан Айтжановамен арадағы сұхбат «Қалай десек те, Қазақ радиосына тең келетін радио жоқ» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының зертханасында ел арасынан жазып алынған, ешкім естімеген ән-күйлер таспа-таспа болып босқа жатыр. Мен кезінде бұл қордан Махамбеттің «Қайран, Нарын» және «Жұмыр қылыш» деген екі күйін кездейсоқ тауып алып, оларды нотаға түсіріп, сол бойынша дипломдық жұмыс қорғадым. Осындай зерттеуге зәру болып жатқан дүниелер әлі де көп», - дейді.
***
«Республиканың Қауіпсіздік Кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының Хатшылығымен бірлесе отырып, кеше «Орталық Азия аймағында қазіргі заман қауіп-қатерлеріне қарсы іс-әрекеттердің маңызды мәселелері тұрғысынан ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің даму бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, жиынға қатысқан ҚР Президенттің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжин өзінің сөзінде қазіргі таңдағы Орталық Азияның ішкі және сыртқы қатерлердің өзгерістерін есепке ала отырып, ҰҚКҰ қызметінің концептуалды жолдарын және басым бағыттарын атап өткен.