Ислам дініне экстремизм мен лаңкестікті телу надандық - «Нұр Астана» мешітінің бас имамы

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Ислам дініне экстремизм мен лаңкестікті телу надандық. Бұл туралы бүгін  БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген елордадағы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев айтты.

Ислам дініне экстремизм мен лаңкестікті телу надандық - «Нұр Астана» мешітінің бас имамы

«Дін мен экстремизм деген сөз екі басқа,  бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өйткені біздің қасиетті Құран кәрімде «бір адам баласының жанына қастандық жасау, бүкіл адамзаттың жанына қастандық жасаумен тең» дейді. Құран жолын ұстанған адамдар экстремистік іс-әрекетке бармайды. Ал оны жасап жатқандар болса, олар содырлар. Ел содырсыз бола ма? Қайта біз шүкіршілік қылайық», - деді ол.

Бұл ретте бас имамның пайымынша, исламға түрлі жат әрекеттерді телу батыстың іріткі салуынан туындап отыр. Жалпы, ислам деген сөздің қасына экстремизм, терроризм деген сөзді қою надандық, сауатсыздық.

«Қоғамда ондай содырлық әрекеттер болмай жатыр деп айтпаймын, болып та жатыр. Бірақ оны исламмен байланыстыра берудің қажеті жоқ. Кішкене сақал қойып, балағын қысқартып алған адам істесе де оны исламмен байланыстырмау керек. Ол да - зомби. Оны да біреу жаман іске бағыттап отыр», - деді Қ.Заңқоев.