Ислам елдерінің бірінші хоккей турнирінде қазақстандықтар жүлдегер болды

None
ҚАЗАН. ҚазАқпарат - Қазан қаласында хоккейден Ислам елдерінің бірінші халықаралық Kazan Hockey Cup турнирі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне сілтеме жасап.

Ерлер арасындағы жарысқа 12 команда қатысып, әрқайсысы төрттен үш топқа бөлінді.

Қазақстан атынан құрамында әуесқой хоккейшілер де, кәсіби деңгейде өнер көрсеткен ұлттық құраманың бұрынғы ойыншылары да бар «OSKEMEN» командасы қатысты.

Олар өз тобында Қырғызстан мен Түркіменстанды жеңді, дегенмен алаң иелері – Татарстанға есе жіберіп, екінші орын алды.

«OSKEMEN» бас бапкері Андрей Райскийдің айтуынша, турнир өте жақсы ұйымдастырылған.

Таңғалатын ештеңесі жоқ, өйткені Татарстанда спорт индустриясы әрдайым жоғары деңгейде болған, ал жергілікті хоккейшілер құрлықтық хоккей лигасында сәтті өнер көрсетуде.

Өз кезегінде команда капитаны Омар Жақсылық қатысуға шақырғаны үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, мұндай іс-шаралар елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтатынын атап өтті.

Турнир нәтижесінде штаб-пәтері Қазан қаласында орналасқан Ислам елдерінің шайбалы хоккейін дамыту халықаралық қауымдастығын құру туралы келісімге қол қойылды.

Жаңа ұйым аясындағы ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, ойыншыларды, жаттықтырушылар мен төрешілерді оқытуға, жас хоккейшілерді даярлау әдістемелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Фото: kazembassy.ru
Соңғы жаңалықтар
telegram