Ислам инвесторлары капиталы 10 миллиардтық банк құруда
ДУБАЙ. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Парсы шығанағы елдерінің инвесторлар тобы бастапқы капиталы 10 миллиард долларға жуықтайтын жаңа исламдық банк құрмақ ниетте,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Банк 2009 жылдың соңына қарай ашылады деп жоспарлануда. Бұл туралы Дубайда өткен конференцияда Араб банктері одағының төрағасы Аднан Ахмед Юсеф мәлім етті. Оның айтуынша, банкті құрушылар қазірдің өзінде жекеменшік және жартылай үкіметтік инвесторлардан 3,5 миллиард доллар қаржы тартып отыр. Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанына 3 миллиард доллардың акцияларын бұқаралық орналастыру шаралары белгіленуде.Ислам банкингі - қарқынды дамып отырған сала. Ислам банктері шариғат заңдарының негізінде жұмыс істейді. Оларға өсімақы алуға тыйым салынады, сондықтан да кез-келген мәміле инвестиция ретінде ресімделіп, банк несие алушының болашақ кірістерінен үлес алады. Ислам банктеріне сондай-ақ, ойынханамен, алкогольмен, порнографиямен байланысты бизнес салаларына инвестиция салуға тыйым салынады.