Ислам Лигасының Бас хатшысы Қазақстанның бейбітшілікті нығайту жұмыстарына жоғары баға берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Мұхаммед бен Әбдулкарим әл-Иса елордадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін тарихи шара деп атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ислам Лигасының Бас хатшысы Қазақстанның бейбітшілікті нығайту жұмыстарына жоғары баға берді

«Дүниежүзілік ислам лигасы мен оның кеңестері, академиялары мен әлемдік құрылымдары атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының осы тарихи форумына қатысу, ең алдымен, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әлемде және ұлттық қауымдастықтарда діни дипломатия сияқты маңызды және тиімді механизм арқылы бейбітшілікті нығайту үшін жасап жатқан зор күш-жігеріне жоғары баға беру мен үшін үлкен құрмет», - деді Ислам лигасының бас хатшысы форумға жолдаған бейнеүндеуінде.

Өз сөзінде спикер дипломатияның ортақ діни және адами мақсаттарды көздейтінін атап өтті.

«Адамзат тарихындағы қақтығыстар мен соғыстардың көпшілігі діндерге қатысты идеялар нәтижесінде пайда болғанын бәріміз білеміз. Бұл діндер іс жүзінде олардың авторларының ұмтылыстарын ғана білдірді. Адамзат тарихында осы күнге дейін теріс, кейде қауіпті салдар туындайтын идеялар мен пікірлерде қателіктер бар екенін бәріміз білеміз. Мұның бәрінің басты себебі – бір-бірінен алшақтау, бұл алшақтау өзара қорқыныш пен мазасыздықты тудырады және құрдымға әкеп соғады», - деді Мұхаммед бин Әбдул Кәрім әл-Иса.

Айта кетейік, бүгін елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.

Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысады.