02:34, 10 Тамыз 2015 | GMT +5
«Ислам мемлекеті» қатарына тартылған тәжіктер азаматтығынан айырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон шетелдердегі террористік құрылымдарға қатысып жүрген тұлғалардың автоматты түрде ел азаматтығынан айырылатыны нақтыланған жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Би-би-си.
Мемлекет басшысының шешімі тәжікстандық азаматтардың «Ислам мемлекеті» содырларының қатарына тартылуы туралы ақпараттардың негізінде қабылданды.
Осы елдің ішкі істер министрлігінен хабарлағандай, Ауғанстан мен Сирияда 600-ден астам тәжік соғысып жүр. Олар сондай-ақ «Талибан» және «Өзбекстанның ислам қозғалысы» қозғалыстарының жауынгерлерінің қатарында бар. Сонымен қатар аталған жарлықта тәжік елінің азаматтығын алуға қатысты жайттар айтылған. Оған сәйкес, енді мемлекеттік тіл - фарси тілінде ауызекі сөйлей білу міндетті. Тәжістан аумағында туған балалармен қатар Тәжікстан елінің азаматына үйленген немесе тұрмысқа шыққан тұлға да осы елдің төлқұжатын иелене алады.