Ислам мен қазақ дәстүрлерінің қабысатын тұстары жайлы «Дін мен дәстүр» кітабы жарық көрді

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы хабарлады
«Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында халқымыз дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Мақсатымыз - ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Қолыңыздағы кітап сондай игі бастаманың жемісі», - дейді «Дін мен дәстүр» кітабының алғы сөзін жазған Бас мүфти.
Еңбекте дәстүр туралы түсінік, дәстүрдің діндегі орны, қазақ халқының имани дәстүрлері, иманы қарым-қатынас, тілдегі айғақтар, т.б Ислам мен дәстүріміздің қабысатын тұстары жайлы жан-жақты мағлұматтар берілген. Сонымен қатар қазақ мақал-мәтелдерінің Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен сәйкес келетіндігіне дәлелді айғақтар жазылған. Қазақ халқының салт-санасы, таным-түсінігі, ой-тұжырымдары Ислам қағидаттарынан бастау алатыны паш етілген. Қысқасы, «Дін мен дәстүрде» осы екі ұғымның бір-бірімен байланысы туралы сөз болады. Оқыңыз.