Исламабадта 25 ақпарат агенттігінің басшылары медиакеңістік мәселелерін талқылады

ИСЛАМАБАД. ҚазАқпарат - Исламабадта Пәкістанның The Associated Press of Pakistan Corporation (APP) агенттігінің ұйымдастыруымен ақпарат агенттіктерінің халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Исламабадта 25 ақпарат агенттігінің басшылары медиакеңістік мәселелерін талқылады

Оған 25 халықаралық ақпарат агенттіктің басшылары қатысты. Қазіргі қоғамдағы медиакеңістіктің жаңа сын-тегеуріндері конференция жұмысының басты мәселесі болды.

Шараны APP бас директоры Масуд Мәлік кіріспе сөзбен ашты. Ол әлеуметтік желілердің дамуына, жалған ақпараттардың шығуына байланысты туындап отырған өзекті мәселелерді қозғап, фактчекинг жұмысына аса мұқият қарау қажеттігін тілге тиек етті.

Конференцияда Пәкістанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі генерал-лейтенант Насер Хан Джанджуа сөз сөйледі. Ол терроризмге қарсы күрес саласындағы БАҚ рөлінің маңызына тоқтала отырып, Пәкістандағы лаңкестікке қарсы қызметпен байланысты қазіргі тенденцияларды атап көрсетті. Бұдан тыс, жиында Пәкістан Ислам Республикасы ақпарат және хабар тарату министрі Мариюм Аурангзеб елдегі БАҚ-тың дамуы, осы салада атқарылып отырған маңызды жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық туралы айтты.

Конференция аясында цифрландыру және желілік даму мәселелеріне арналған бірнеше сессия өткізілді.

Конференцияға «ҚазАқпарат» ХАА бас директоры Асқар Умаров та қатысып, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары туралы әңгімеледі.