Исламда жемқорлықтың үкімі қандай?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Cыбайлас жемқорлық - кез-келген қоғамның індеті. Адамдық тұрғысынан да, діни тұрғыда да оны ақтап алу мүмкін емес. Дегенмен, ислам дінінде бұл кесел жайлы нақты не айтылады? Оның үкімі қандай? Біз бұл сауалдарды Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы, дінтанушы Серік Тәжібаевқа қойған едік.
None
None

- Сіздің ұғымыңызда, сыбайлас жемқорлық дегеніміз не?

- Жемқорлық - мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкердің өзіне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке басының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеті. Оған қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа дәнекер болу, қызметке жақындарын тағайындау, сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иелену және ысырап ету, сарапшылардың жалған қорытындысы, жалған сөз жеткізу, қарапайым азаматтардың ақысын жеп, елдің дамуына үлес қосуға мүмкіншілік бермеу және т.б. қылмыстарды жатқызуға болады.

- Жемқорлықтың ислам дініндегі үкімі қандай?

- Әлемдік деңгейдегі көне заманнан келе жатқан мерез - жемқорлық мәселесі мұсылман елдерінде де белең алып отыр. Ислам діні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жеке тұлғалық және ұжыммен бірлесе жүзеге асырған. Шариғаттағы жемқорлықтың үкімі - харам. Яғни, үзілді-кесілді тыйым салынған. Асыл дінімізде жемқорлық үлкен күнәлар қатарына жатады.

Жалпы, Ислам шариғатында кез-келген мәселенің үкімі - Құран аяттары мен хадиснама деректеріне жүгіне отырып шығарылады. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде (Мәида сүресі, 42-аят): « Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед Ғ.С.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шәксіз Алла турашылдарды сүйеді»,-деген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені - өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер. Ал тәпсірнама деректеріндегі Сағид Бин Жубайр: «Мұнда жемқорлық турасында айтылған»,-деп түсінік берген.

Енді бір аят жолында Алла Тағала (Бақара сүресі,188-аят):

« Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар»,-делінген. Мұндағы аят жолында мағынасы ашық келген.

Мінеки, Алла Тағаланың сыбайлас жемқорлыққа тыйым салғанына бірден-бір дәйек - осы аяттар болмақ. Сол сияқты парақордың тапқан табысы - арам екендігін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінен анық көруге болады. Әбу Хумайда әл-Сағидия (р.а) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Лауазымдық қызметтегі тұлғаға берілген сыйлық - арам жолмен табылған жалақысы», - деген екен. Ибн Бурайда (р.а) әкесінен жеткізген келесі бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үш түрлі қазы болады, олардың екеуі тозақта, ал біреуі жұмақта. Өз дегенін орындаймын деп үкім шығарған және білімсіз бола тұра үкім шығарған қазылар - тозақта. Ал, әрдайым шындыққа жүгінген қазы - жұмақта», - деген.

- Ислам дінінде пара беру де күнә санала ма?

- Тәпсір дереккөздерінде Абдулла Ибн Омар (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) пара берушіні де, пара алушыны да лағнеттеген»,-деп тұжырымдайды (Ат-Тирмизи). Сондай-ақ, параны талап етіп, оны қабыл алып, сондай-ақ қолдау көрсеткен пара алушы мен беруші арасындағы тасымалдаушы дәнекердің ісі де қарғысқа ұшырағандардың әрекетіне жатады. Демек, сыбайлас жемқорлық барысында пара беруші мен алушы арасында делдал болуға да тыйым салынған.

Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде мынадай жағдай айтылады. «Аллаға серік қосу, адам өлтіру және ата-анаңның алдындағы борышты орындамау сияқты ауыр күнәлардың санатына жататын тағы бір үлкен күнәні айтайын. Ол - жалған мәлімдеме жасау және жалған куәлік беру», - деген екен расулалла (с.ғ.с.).

- Халқымыз парақорлыққа қатысты қандай ұстанымды ұстанған? Қазақтай текті де турашыл халықта осынау жаман қылықтан тыятын, әділдікке шақыратын адамдар болды ма?

-Әлбетте, болған! Мұны дана халқымыздың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлағатты сөздерінен-ақ байқауға болады. Олардың әділдік пен туралықты ту еткендігіне қазақтың үш тұғыры - Төле, Қазыбек және Әйтеке бидің, одан басқа да би-шешендердің өнегеге толы өмір-ұстанымдары бірден-бір дәйек болмақ.

Осы орайда қазақ даласының ақыны Шортанбай Қанайұлының өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған мына бір өлең жолдарын келтіре кетейін:

Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі халқын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Біздің бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын,үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе Мекке бар,

Артық дәулет біткендер!

Біле білсеңіздер, парақордың халі о дүние ғана емес, осы дүниеде де қиынға соқпақ. Көп жағдайда пара алуға құныққан жанның арам жолмен тапқан дүниесінің өтеуі ауыр болады. Оны ел аузында жүрген мысалдар мен жемқорлыққа қарсы әзірленген бейнероликтерден жиі байқауға болады. Қай мысалды алып қарасаңыз да, жемқорлықтың түбі - қорлықпен аяқталып жатады.

Сондықтан да Ислам діні сыбайлас жемқорлық пен пара берудің қандай да бір түріне Құран мен сүннет дәйектеріне сай қатаң тыйым салып, тіпті, ауыр күнәлар санатына жатқызған. Шариғат шеңберіндегі тыйымдардың барлығы адам мен қоғамның дамуына негізделген. Аллаға шынайы құлшылық-ғибадат жасап, айтқандарын бұлжытпай орындауға ден қойған жанның үйіне құт-береке ұялайды. Кез-келген жан сыбайлас жемқорлық сынағына ұшыраған сәтте лезде Алланы еске алып, қиямет күніндегі халін ескерсе, отбасындағы Алланың берген берекесін ұмытпай, әрдайым шүкіршілік қылса, оған да Алланың төгер мейірімі шексіз.

Жанат КАПАЛБАЕВА

Соңғы жаңалықтар