Исламдық қаржыландыруда мемлекеттік модельдің 3 үлгісі бар - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің экономикалық кеңесшісі
АЛМАТЫ. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Исламдық қаржыландыруды дамытуда шағын және орта бизнестің рөлі өте зор.
Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Исламдық қаржы бойынша халықаралық отырыс: оңтайлы жағдайлар жасау» деп аталатын алқалы жиында айтылды.
«Исламдық қаржыландыруда мемлекеттік моделдің 3 үлгісі бар. Олардың біріншісі - Малайзия, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Түркия сияқты дәстүрлі ислам елдері, екіншісі - мұсылман елдері болғанмен өтпелді кезеңде тұрған ТМД мен Мағриб секілді мемлекеттер, үшіншісі - ислам елдері ынтымақтастығына кірмегенімен үлкен мұсылман жамағаты бар Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Үндістан, Қытай, Сингапур сияқты елдер», - дейді ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің экономикалық кеңесшісі Ерлан Байдәулет. Оның айтуынша, бірінші және үшінші модельдегілерге қарағанда өтпелі кезеңдегі елдерде исламдық қаржыландыру әлі жеткілікті деңгейде дамымаған. Бұл елдердің негізгі белгілеріне мықты орталық билік, онша дамымаған нарықтық экономика мен дамудың алғашқы сатысында тұрған жеке сектор тән. Онда экономика мемлекеттік бюджетке бағытталған. Мәселен, Қазақстанда қазіргі таңда күшті ұлттық монополияны байқауға болады, корпоративтік сектор да бюджетке бағытталған. Табиғат ресурстарын экспорттау шағын және орта бизнесті дамытуға айтарлықтай оң әсер ете алмайды. Индустрияландыру ғана оларға өз пайдасын тигізеді.
Қазақстандағы исламдық қаржыландыруды дамыту қауымдастығы төрағасы Е. Байдәулеттің сөзіне қарағанда, дәстүрлі ислам елдері де исламдық қаржыландырудың үлесі жалпы қаржы жүйесінде жеткілікті деңгейде жоғары. Мәселен, Малайзиядағы исламдық қаржыландыру жүйесінің негізгі сипаттамасы мемлекет тарапынан жеке бизнеске нақты қолдаудың жүргізілуі. Соңғы 10 жылда онда исламдық қаржыландырудың үлесі 6,2-ден 23 пайызға дейін ұлғайды.