Исламға тіл тигізгетін смс-хабарлама таратқандар өлім жазасына кесілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістанда христиандық ерлі-зайыптыларға исламға тіл тигізгендігі үшін өлім жазасына кесу туралы үкім шығарылды.
Шафгат Эммануэль мен оның зайыбы Шагуфт Каусар Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) қаралайтын смс-мәтіндерді жібергені үшін айыпты деп саналды.
Айыптаушылардың нұсқасына қарағанда, бұл хабарламаларды олар ислам дінін ұстанатын Пенджабтың беделді тұрғындарына жіберген екен. Сотталушылардың қорғаушысы сот үкімімен келіспейтіндігін және оны өзгертуге талпыныс жасайтындығын атап өтті. Оның пайымынша, сот кезінде әділеттілік ұстанымының қағидалары орындалмады, деп жазады шетелдік БАҚ.
Пәкістанда іс жүзінде өлім жазасына мораторий жарияланған, сондықтан да ерлі-зайыптыларға қатысты осы ауыр жазаның қолданылуы екіталай. Пәкістанда исламға тіл тигізу ауыр қылмыс болып саналады.