Исландияда доңыз тұмауын жұқтырудың бірінші оқиғасы тіркелді

РЕЙКЬЯВИК. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат - Исландия өкіметі елде А (H1N1) тұмауының вирусын жұқтырудың бірінші оқиғасы тіркелгенін мәлім етті.

Исландияда    доңыз тұмауын жұқтырудың  бірінші  оқиғасы  тіркелді
Тұмауды жұқтырған азаматтың осыдан бірер күн бұрын Нью-Йорктен оралғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ассошиейтед Пресс» агенттігіне сілтеме жасап. Науқастың жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Оның отбасы мүшелері мен жақындары медициналық тексеруден өткізілуде. Науқастың аты-жөні әзірге жария етілмеуде. Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 23-індегі жағдай бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің 43 елінде А (H1N1) тұмауының вирусымен сырқаттанудың 12 мың 22 оқиғасын зертханалық жолмен қуаттап отыр. Оның ішінде 86 адам вирустың салдарынан көз жұмған.