Исландияда қайтадан жанартау атқылай бастады

исландия
Фото: NATIONAL POLICE COMMISSIONER

АСТАНА. KAZINFORM — Исландияның оңтүстік-батысында, Рейкьянес түбегінде жанартау атқылауы басталды, соның салдарынан атақты геотермалдық курорт Көгілдір лагуна мен Гриндавик шағын қаласын эвакуациялауға тура келді, деп хабарлайды ВВС. 

Бұл — осы ауданда желтоқсан айынан бері жанартаудың бесінші атқылауы.

Төтенше жағдай жарияланды, бірақ бұл Исландияға ұшатын әуе рейстеріне әсер етпейді деп шамаланып отыр.

Гриндавик мэрі Фаннар Йонассон RUV мемлекеттік телеарнасына қалаға қарай ағып жатқан лаваның көлеміне алаңдайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, лава көлемі соңғы атқылау кезінде байқалғаннан әлдеқайда көп.

Жергілікті электр жеткізушісі HS Veitur хабарлауынша, сақтық шарасы ретінде Гриндавикте электр жарығы өшірілді.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, үш адам қаладан кетуден бас тартқан.

Кейінірек шенеуніктер қалада немесе оған жақын жерде қалған кез келген адамды аймақты тастап кетуге шақыратын мәлімдеме жасады.

Қазір қалаға кіріп-шығатын жолдардың біреуінен басқасының барлығына қатынау мүмкін емес екені хабарланды.

Соңғы рет Рейкьянес түбегінде ұзаққа созылған жанартау белсенділігінің кезеңі 800 жыл бұрын болды, онда атқылау ондаған жылдар бойы жалғасты.

Соңғы жаңалықтар
telegram