Исландияда жанартау атқылап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Исландияның оңтүстік-батыс бөлігіндегі Рейкьянес түбегінде орналасқан Сундхнукур жанартауы атқылай бастады, деп жазады Синьхуа.

Бұл туралы Исландияның метеорологиялық қызметі хабарлады.
Магманың ағылуы сейсенбі күні таңертең басталды, ал жанартаудың атқылауы бірнеше сағаттан кейін тіркелді. Жақын маңдағы Гриндавик қаласының тұрғындары алдын ала эвакуацияланды.
Исландиялық RUV телеарнасының хабарлауынша, Сундхнукур жанартауы ел астанасы Рейкьявиктен 42 шақырым жерде орналасқан. Бұл — оның сегізінші атқылауы.
Лава екі жерден ағылып жатыр. Олардың бірінің ұзындығы 700 метр, екіншісі әлдеқайда кішірек және Гриндавиктің қорғаныс құрылымдарының ішінде орналасқан, деп хабарлайды RUV.
Елдің метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, Рейкьянес түбегіндегі атқылау әлі бас қалаға тікелей әсер еткен жоқ және стратосфераға айтарлықтай күлдің бөлінуін тудырмаған, бұл әуе қозғалысында үзіліс болдырмауға мүмкіндік берді.
Бұдан бұрын Гавайидегі Килауэа жанартауы әлі жалын атып жатқанын жаздық.