Испан футболы қазақ жерінде: «Атлетико Мадрид» академиясы бізге не береді

Атлетико Мадрид академиясы
Коллаж: Kazinform/ pixabay/ wikipedia.org/ DALL·E

Футбол спорты танымалдылықтан кем емес, жанкүйерлері жыл сайын артып отырмаса, кемімейді. Эмоцияға бөлейтін жұлдыздарға бай футбол қазір әлемдегі №1 спорт саналады. Қазақстанда да оған қызығушы жастар аз емес. Таяуда елдегі футбол жанкүйерлерін қуантқан жаңалық жария болды. Испаниялық «Атлетико Мадрид» футбол клубы Қазақстанда академиясын ашпақ. Бұл бастама келешекте ел футболына қалай әсер етпек? Kazinform тілшісінің талдауынан оқыңыз.

Даңқы жаһанға жайылған клуб

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Атлетико Мадрид» футбол клубының президенті Энрике Сересо Торрес кездескен болатын. Осы жиында аталған клуб Талғар қаласындағы Akbulak олимпиада орталығының базасында футбол академиясын құратынын мәлімдеді.

Атлетико Мадрид
Фото: Ақорда

 

Жаңалық көпшілікті қызықтырғаны анық, «Атлетико Мадрид» клубының да ресми сайты бұл жаңалықты бөлісті.

Ақбұлақ
Akbulak олимпиада орталығы Фото: olympic.kz

 

Команданы жанкүйерлерге таныстырудың қажеті жоқ, 120 жылдан астам тарихы бар ұжымның жетістіктері аз емес. Бірнеше мәрте Испанияның ішкі біріншілігінде чемпион атанып, кейінгі 14 жылда Еуропа лигасында 3 рет топ жарды. Ең айтулы дода Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен кездері бар.

Жалпы, Еуропадағы топ клубтар арасында «Атлетико Мадрид» тұрақты деңгейдегі команда саналады. Өзге клубтар бірнеше жыл бойы дүркіреп, белгілі бір кезеңде буын алмасудың қиындығынан әлсіреп жатса, аталған клуб нәтижесін бұлайша құлдыратпайды. Испания лигасында жыл сайын алғашқы төрттік қатарына еніп, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде алпауыт клубтарға бәсекелес болады. Атлетико Мадрид клубының академиясы осы күні Испанияда мықты ойыншыларды тәрбиелеу жағынан «Барселона» мен «Реал Мадридтен» кейін үшінші айтылады.

Атлетико Мадрид
Фото: Атлетико Мадрид\ www.atleticodemadrid.com

 

Ал клуб академиясынан шыққан жұлдыз ойыншыларды көпшілік жақсы таниды. Олардың арасында қақпашы Давид де Хеа, Коке, Габи, Альваро Мората мен 2008 жылы ең үздік футболшыға берілетін «Алтын доп» жүлдесіне басты үміткерлердің бірі болған Фернандо Торрес те бар. Яғни, академияның тарихы терең, әлеуеті зор. Әйтсе де клубтың шет елдердегі академиясынан шыққан аса танымал ойыншылар кездеспейді.

Команда неге Қазақстанды таңдады?

«Атлетиконың» 17 елде академиясы бар, басым бөлігі кәрі құрлық елдерінде. Өзге құрлықтан тек АҚШ, Мексика, Индонезия, Конго мен Доминикан Республикасынан ғана академиясын ашқан. Қазақстан «Атлетико Мадридтің» төл академиясын ашқан 18-ші ел ретінде қатарға қосылғалы тұр.

Сонымен, «Атлетико Мадрид» академиясының ашылуы бізге келешекте қандай артықшылықтар береді. Спорт сарапшысы Жандос Байділданың айтуынша, қазір испаниялық мамандар әлем футболында сұранысқа ие, сол үшін алдағы уақытта олардың жетекшілігімен қазақстандық жастар жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін.

Жандос Байділда
Фото: Жандос Байділданың жеке мұрағатынан

 

– Менің білуімше, «Атлетико Мадрид» академия ашуда ТМД елдерінің арасынан бірінші болып Қазақстанды таңдап отыр. Клуб басшылығы мұндағы академияның сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, өйткені келешекте басқа да елдерден академия ашу үшін репутациясы жақсы болуы керек. Қазір әлемде испан футболы өте абыройлы, бұл елден шыққан мамандарға сұраныс жоғары. Мысалы, «Манчестер Ситиді» баптайтын Пеп Гвардиола, «Арсенал» бапкері Микель Артета, «Байерді» биікке шығарған Хаби Алонсо – испаниялықтар. Біз айтып отырған «Атлетико Мадридтің» резервін жаттықтыратын Фернандо Торрес пен Италияда бапкерлік мансабын сәтті бастаған Сеск Фабрегас қазір Испания футболының өркендеген шағы екенін дәлелдей түсті. Сондықтан «Атлетико Мадрид» клубы академиясының ашылғаны Қазақстан футболына үлкен серпіліс береді деп ойлаймын, – деді ол.

Ал клубтың Қазақстанды таңдау себебіне келсек, оған бірнеше факторлар әсер еткен болуы тиіс. Біріншіден, Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі 2 жылдың ішінде футболдан жақсы көрсеткіштерге жетті. Дания, Финляндия секілді азулы қарсыластарды жеңді. Биыл өтетін Еуропа чемпионатының топтық кезеңіне өтуге бір қадам қалғанда ғана сүрінді. Көп ұзамай Еуропа чемпионаттарында ойнайтын клубтар қазақстандық ойыншыларға қызыға бастағанын байқадық. Екіншіден, өзге елдер қазақстандық жанкүйерлердің белсенділігін байқады. Ел құрамасының ойыншылары еуропалық командаларға ауысқанда, ауысуы мүмкін деген тәрізді жаңалықтар таралғанда азаматтар әлеуметтік желіде клубтарды қолпаштап ала жөнелді. Өз кезегінде бұл клубтарға жарнама мен танымалдылық тұрғысынан таптырмас тәсіл. Яғни, Қазақстанда академия ашу арқылы «Атлетико Мадрид» фанаттары біршама көбейеді.

Қорыта айтқанда, академия жұмысының нәтижесін болашақ көрсетеді. Әйтсе де академия келешектегі жұлдыз ойыншыларға баспалдақ боларына үміт басым.

Соңғы жаңалықтар
telegram