Испания «Евровидениеге» бойкот жариялауы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Испания Мәдениет министрі Эрнест Уртасун елдің «Евровидение» байқауына қатысуы Израильдің сахнаға шығуына тікелей байланысты екенін мәлімдеді. Бұл туралы Der Spiegel хабарлады.

Испания «Евровидениеге» бойкот жариялауы мүмкін
Фото: Baden Roth/IMAGO/ZUMA Press Wire

— Біз Израильдің келесі «Евровидениеге» қатыспауын қамтамасыз етуіміз керек. Егер оны жарыстан шығара алмасақ, Испания байқауға қатыспауы тиіс, — деді министр.

Алайда Израильдің байқауға қатысуы жөніндегі түпкілікті шешімді «Евровидениені» ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) қабылдайды.

Бұған дейін Ирландия, Словения, Исландия және Нидерланды да Израиль қатысқан жағдайда байқауға бойкот жариялайтынын ескерткен еді. Осылайша Испания ультиматумға қосылған бесінші ел болып отыр.

Байқау ережесіне сәйкес, әр елдің ұлттық хабар тарату компаниялары желтоқсан айының ортасына дейін ұйымдастырушыларға өздерінің «Евровидениеге» қатысу-қатыспайтыны туралы ресми түрде хабарлауы қажет.

Ал шілде айында EBU Израильдің қатысу мәселесіне қатысты ұйымға мүше елдермен кеңесуді бастағанын жариялаған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін «Евровидение-2026» байқауы Венада өтетіні хабарланған болатын.