Испания футболындағы қаражатты жымқырған: Мюнхенде араб шейхінің ұлы ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Мюнхен әуежайында Испанияның «Малага» футбол клубының бұрынғы иесі, шейх Абдулла Әл-Танидің ұлы Ракан Әл-Тани ұсталды. Ол Дохаға ұшпақ болған, алайда Еуропалық ордер негізінде қамауға алынды. Енді Германия билігі оны Испанияға экстрадициялау мәселесін шешуі керек, деп хабарлайды Bild.

Испания футболындағы қаражатты жымқырған: Мюнхенде араб шейхінің ұлы ұсталды
Фото: Bild

Ракан Әл-Тани, оның әкесі және екі ағасы «Малага» клубын басқару кезінде жасалған делінген қаржылық заңбұзушылықтар бойынша айыпталушылар қатарында. Тергеу олардың үстінен қаражатты иемдену, қызметтік міндеттерін адал атқармау және клуб мүддесіне тиімсіз корпоративтік шешімдер қабылдау сияқты айыптар бойынша іс жүргізіп жатыр.

Шілде айында Испания соты отбасы мүшелерін қамауға алу туралы еуропалық және халықаралық ордер шығарған. Бұған дейін оларды ұзақ уақыт бойы сот отырыстарына шақыру мүмкін болмаған.

Испания прокуратурасы отбасының әр мүшесіне 14 жылға бас бостандығынан айыру және 18 жыл бойы компанияларды басқаруға тыйым салуды талап етіп отыр.

Ракан Әл-Тани «Малага» клубының директорлар кеңесінің құрамында болған. 2020 жылы қаржылық заңбұзушылықтарға қатысты тергеу аясында сот Әл-Тани отбасын клубты басқарудан шеттеткен.

Айта кетейік, Филиппиннің мемлекеттік қаражатын мақсатсыз пайдаланды және президент Фердинанд Маркосқа ашық түрде қоқан-лоқы көрсетті деп қамауға алынған елдің вице-президенті Сара Дутерте кепілмен босатылды.