Испания компаниялары Қарағандыда тұрғын үй салады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында испан компанияларының өкілдері мен қарағандылық кәсіпкерлердің кездесуі өтті. Тараптар құрылыс саласындағы өзара серіктестік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Испания компаниялары Қарағандыда тұрғын үй салады

Испан компаниялары тұрғын үй ғимараттарының құрылысына инвестиция салуды көздеп отыр. Алайда шетелдік бизнесмендер алдымен барлығын егжей-тегжейлі зерттеп алмақ. Өйткені Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз, дейді испандық кәсіпкерлер.

«Алдымен біз Қарағанды облысында құрылыс секторының қалай жұмыс істейтінін білгіміз келеді. Талқылау барысында бұл секторды жергілікті жерлерде дамыту үшін не қажет екенін түсіну керек. Пилоттық жобада біз еуропалық стандарттарға сәйкес келетін тұрғын үй құрылысын салғымыз келеді. Және жақын уақытта тез бастау қажет болады. Қарағанды аумағында орын көп, биік емес үйлер салуға болады. Сондай-ақ біз құрылыс кезінде үй-жайда қыста да, жазда да қажетті температураны сақтау үшін климаттық ерекшеліктерді зерттеуді көздеп отырмыз», - деп түсіндірді «Kursaal» компаниясының менеджері Йосу Эрнандес Сатурио.

Аталмыш компания 1998 жылдан бастап ғимараттарды қайта жаңартумен айналысады. Компанияда сондай-ақ Испанияның ең суық бөлігі - Басков елінде тұрғын үй салу тәжірибесі бар.

Қарағанды облысы бойынша құрылысшылар қауымдастығының директоры Наиля Қайырбекова құрылыс компанияларының бір кластерге бірігуі Қарағанды өнеркәсібін дамытуға көмектесетінін атап өтті. Шетелдік әріптестердің ұсынысын Қарағанды облысы бойынша Кәсіпкерлер палатасының басшысы да қолдады.

«Қарағанды облысында бірнеше жыл бойы құрылыс кластері дамып келеді. Қазақстандық индустрияны дамыту институтының қолдауының арқасында біз нақты іс-қимылдарға көшеміз. Сапар барысында Қазақстан Республикасының заңнамасымен де танысуға мүмкіндіктеріңіз болады деп үміттенеміз», - деді Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Испан делегациясы Қарағандыда 6 маусымға дейін болады. Қонақтар өңірдегі 20-ға жуық кәсіпорынға баруды жоспарлап отыр.