Испания мен Италия полициясы Африкадан Еуропаға бара жатқан кемеден бірнеше тонна наша тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияның Азаматтық гвардиясы Пиреней корольдігі мен салық басқармасы және Италияның қаржы полициясымен бірлесіп, Африкадан Еуропаға 15 тонна есірткі жеткізілуінің алдын алды.
Бұл туралы Испанияның ішкі істер министрлігі хабарлады.
Құқық қорғау огандарының мәліметтері бойынша, Мысырдың туын тіккен балық аулайтын кеме Мароккодан Италияға наша алып өтпек болған. Тексеру нәтижесінде борттан есірткі салынған 52 тең табылды, алайда бұл жүкті толықтай тәркілеу мүмкін болмады. Мысырдың 9 азаматынан тұратын есірткі саудалаушылар экипажы заңсыз тауардың әшкере болатындығын сезгеннен кейін дереу кемені суға батырған. Соған қарамастан, Испанияның азаматтық гвардияшылары мен итальяндық полиция қызметкерлері 1,6 тонна есірткіні айғақ ретінде алып үлгерді.