Испанияда 600 келі көне римдік теңгелер табылды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияның Томарес қаласында құрылысшылар 600 келіге жуық көне римдік тиындарды тапты. Археологтар монеталар III ғасырдың соңы мен IV ғасырдың басында жасалған деп санайды. Бұл туралы CNN хабарлады.
Монеталар өткен аптаның сәрсенбісінде қала шетіндегі саябақтың кәріз жұмыстары барысында табылған. Жұмысшылар құбыр астынан шұңқыр қазып жатқанда экскаватор күрегі қатты нәрсеге тиген. Жұмысты тоқтатып шұңқырға үңілгенде онда көптеген қираған қыш құмыралар байқалған. Құмыралар бір метр тереңде жатқан. Табылған 19 қыш ыдыстың 10-ы сынып, қалғаны аузы жабылған күйде бүлінбеген. Ғалымдар оның ішінде не бар екенін әзірге білмейді.
Сынған ыдыстарда салмағы 8-10 грамдық он мыңға жуық қола тиындар болған. Тиындардың кейбіріне күміс жалатылған.
Севильенің археология мұражайының директоры Ан Наварроның айтуына қарағанда, құмыралар май немесе шарап тасуға арналмаған, кішкене. Тиындардың көбі сызылмағанына қарап қолданылмаған деп пайымдалып отыр. Ғалымдар оны салық төлеуге немесе әскерилердің ақысына арналған деп санайды.