Испанияда апатқа ұшыраған пойыз жылдамдықты сағатына 140 шақырымнан асырған

АСТАНА. 25 шілде. ҚазАқпарат - Испандық Сантьяго-де-Компостела қаласының маңында апатқа ұшыраған пойыз жылдамдықты сағатына 140 шақырымнан асырған.

Испанияда апатқа ұшыраған пойыз жылдамдықты сағатына 140 шақырымнан асырған

Бұл туралы El Mundo басылымына сілтеме жасаған РосБизнесКонсалтинг жазады.

Аталмыш учаскеде рұқсат етілген жылдамдық сағатына 80 шақырымды құрағанымен, апат кезінде құрам сағатына 220 шақырым жылдамдықпен қозғалған. Бәлкім бұл тосын оқиғаның орын алуына себеп болған да шығар.

Еске сала кетейік, Мадрид-Ферроль қалааралық жүрдек пойызы 24 шілде күні Испанияның солтүстік-батысында рельстерден шығып кетті. Апат 77 адамның өмірін қиды, 120-сы жарақаттанды. Жалпы құрамда 240 жолаушы отырған.

Пойыздың барлық 13 вагоны да рельстен тайқып, олардың 4-уі аударылды. Пойыз жылдамдығының жоғары болғаны сонша, апат кезінде вагондардың бірі көкке ұшып, шойын жолдардың қасындағы бөктерге құлаған. Кейбір вагондар өртке орана бастады. Куәгерлердің айтуларынша, құрылымның рельстен шыққан кезінде жарылыс естілген.