Испанияда аптап ыстықтан 5 мыңнан астам адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда биыл жазда экстремалды аптап ыстықпен байланысты рекордтық 5 030 өлім жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ТАСС.

Еуропадағы аптап ыстық
Фото: Getty Images

Бұл туралы елдегі өлім-жітімді күнделікті бақылау жүйесінің деректерінде айтылған.

Мәліметке сәйкес, бұл 2015 жылғы қаңтардан бері жүргізіліп келе жатқан бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Бұған дейін испаниялық метеорологтар 2026 жылдың алғашқы жартысы елде кейінгі 65 жылдағы ең жылы кезең болғанын хабарлаған еді. Биылғы маусым ең ыстық маусым айларының арасында екінші орынға шықса, шілде 1961 жылдан бергі бақылау тарихындағы ең ыстық әрі ең құрғақ шілде болды.

Еске салайық, бұған дейін Франция тарихында екінші ең ұзақ аптап ыстық тіркелгені хабарланған.

Сондай-ақ аптап ыстық салдарынан Еуропадағы ірі тау шаңғысы курорттарының бірі жабылды.