Испанияда биылғы жаздың орташа температурасы рекордтық деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда аптап ыстықтың 61 күні тіркелді: бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болды, деп хабарлайды Еuronews.
Мемлекеттік агенттік биыл испандықтардың аптап ыстық жағдайында 61 күн өткізгенін хабарлады. Бұл — кез келген басқа жылмен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш.
Испания аптап ыстық толқынының әсерінде болған күндер саны бойынша 2022 жылғы есте қалған аптапты жаздың көрсеткішінен асып түсті. Мемлекеттік метеорология агенттігінің мәліметінше, биыл мұндай күндердің саны 61-ге жеткен, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20 күнге көп. Сонымен қатар 2026 жылдың жазы 24,5 градус Цельсийді болған орташа температурамен 1961 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан бақылау тарихындағы ең ыстық жаз болды. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 0,3 градусқа жоғары және климаттық нормадан 2,4 градусқа артық.
Метеорология агенттігі соңғы он ең ыстық жаздың барлығы ХХІ ғасырға тиесілі екенін еске салды. Ал ең ыстық сегіз жаздың жетеуі 2015 жылдан кейін тіркелген. Ведомство метеорологиялық жаз кезеңінің де ұзарып келе жатқанын ескертті.
— Мамыр айының соңында елдің кең аумағында шілдеге тән температура тіркелді. Сонымен қатар қыркүйек айында, яғни метеорологиялық күз басталған кезде, тағы бір аптап ыстық толқыны байқалды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол 2-7 қыркүйек аралығында, яғни алты күнге созылып, 16 провинцияны қамтыды, — делінген хабарламада.
Тек қыркүйектегі тағы төрт жылда — 1987, 1988, 2006 және 2016 жылдары — жазғы аптаптың шарықтау шегіне тән мұндай аптап ыстық тіркелген.
Қыста жауын-шашынның мол түсуі Испаниядағы су қоймаларында демалыс маусымы аяқталғаннан кейін де су деңгейінің оңтайлы сақталуына мүмкіндік берді. Олардың орташа толу деңгейі 62,58 пайыз болған. Бұл туристік жүктемеге қарамастан сақталды. Дәстүрлі түрде су тапшылығы байқалатын Хукар, Сегура, Андалусияның Жерорта теңізі жағалауы және Каталония бассейндерінде су қоймаларының жартысынан астамы суға толы болды.
Соған қарамастан, бұл жағдай Испанияны Еуропаның басқа елдеріндегі сияқты ауқымды орман өртінен қорғай алмады. Өрт ормандарда алдын алу жұмыстарының жеткіліксіз екенін, сондай-ақ Мадрид, Арагон және Кастилия-Леон секілді өңірлерде еңбек жағдайы лайықты мамандардың жетіспейтінін көрсетті.
Айта кетелік Италия 1950 жылдан бері болмаған аптап ыстықты бастан өткергені туралы жазған едік.