Испанияда бұқадан қашу ойынында 37 адам зардап шекті
АСТАНА. 15 шілде. ҚазАқпарат -Испанияда кеше, 14 шілдеде Сан-Фермин фестивалі өз мәресіне жетті. Reuters-ке сілтеме жасай отырып Lenta.ru хабарлағандай, фестиваль аясында бұқадан қашу 8 рет өтіпті.
Жалпы 37 адам зардап шекті, оның төртеуі, соның ішінде екеуі ағылшындар, бұқа мүйізінен жарақат алды.
Соңғы қашу 14 шілде күні таңертең болды және оның ұзақтығы екі жарым минутқа созылды. La Vanguardia мәлімдегендй, қашудан кейін 59 адамға медициналық көмек көрсетіліп, төртеуі ауруханаға жатқызылған.
El Pais басылымының ақпаратына сәйкес, фестивальдің соңғы айналымында аталмыш фестивальге тұңғыш рет қатыстырылып отырған Торреандилья-Торреэбрерос фермаларының бұқалары қатысқан. Бұқалар өте ашулы болған және бір бұқа бүкіл қашықтықты (845 метр) сағатына 25 километр орташа жылдамдығында екі минуттан аз уақытта жүгіріп өткен.
Сан-Фермин фестивалі 14 шілденің түн жарымында Памплонаның орталық алаңында дәстүрлі түрде «Pobre de Mi» халық әнінорындаумен тәмамдалады. Бұл жылы фестивальге келушілер саны жарты миллион деп есептелген.
Сан-Фермин Памплонада жүз жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Бұқадан қашу фестивальдің ең танымал (әрі ең қысқа) бөлімі. Оған тек Испаниядан ғана емес, әлемнің басқа елдерінен келген туристер үлкен қызығушылық танытады. Ондаған адамдар жарақат алғанымен өлімге алып келген жағдайлар сирек кездеседі. 1925 жылдан қазіргі уақытқа дейін осы қашуларда барлығы 15 адам мерт болған.