Испанияда иттерге арналған су курорты ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияның Ла-Рока-дель-Вальес муниципалитетінде иттерге арналған әлемдегі бірінші Canino Can Jane су курорты ашылды. Шипажай Барселонадан 30 минуттық жерде орналасқан, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.
Демалыс орны бассейн мен қонақ үйден тұрады. Иттердің иелері мен олардың жануарлары бассейнге түседі, серуендейді, қонақ үйде жатып демалады. Аталған демалыс орны жазғы маусым аяқталған соң жұмысын жалғастыра ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Бір атап өтетіні, Испанияда Еуропаның басқа елдеріндегідей иттерге бассейнге шомылуға, жағалауда серуендеуге тыйым салынған. Тек 2014 жылы жазда Италияның Римини курортты қаласында иттер мен олардың иелеріне арналған жағажай ашылды.