Испанияда лаңкестікке қарсы операция кезінде үш адам ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Испания полициясы Мадридте жүргізген лаңкестікке қарсы операция барысында үш адамды тұтқындады, деп жазады «Хабар 24».
Полиция өкілдерінің айтуынша, қамалғандардың біреуі, яғни 32 жастағы марокколық «Ирак пен Левант тобымен» тығыз байланыста болған. Құқық қорғаушылар оның содырлармен қатынасын әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы анықтаған.
Күдікті Испанияда тұрып, маңайындағыларды арбаумен айналысқан. Ал қалған екі адам осы күдіктімен бір үйде тұрған.
Айта кету керек, 2015 жылы Испанияда террорлық қауіптің төртінші деңгейі жарияланды. Содан бері мұнда 170-тен астам адам лаңкестікке қатысы бар деген айыппен тұтқындалды.