Испанияда мерзімінен бұрын сайлау өтеді: билік үшін күрес күшейді
АСТАНА. KAZINFORM — 29 қараша, жексенбі күні Испанияда 38 миллионнан астам сайлаушы мерзімінен бұрын өтетін жалпыұлттық сайлауға қатысу үшін дауыс беру учаскелеріне барады. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Елде жалпыұлттық сайлау әдетте төрт жылда бір рет өткізіледі. Соңғы сайлау 2023 жылдың шілдесінде өткен болатын.
Мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы шешімді Испания премьер-министрі Педро Санчес 5 қазанда жариялады. Бұған солшыл коалициялық азшылық үкіметі ұсынған тұрғын үй дағдарысын еңсеруге бағытталған шұғыл шаралардың парламентте қолдау таппауы себеп болды. Бұл жағдай халықтың жаппай наразылығын туғызған еді.
Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, 2019 жылы алғаш рет туындап, 2023 жылғы сайлаудан кейін де сақталған коалициялық үкімет құру қажеттілігі 29 қарашадағы дауыс беруден соң да өзекті болып қалуы мүмкін.
Испанияның алдағы саяси дамуындағы негізгі екі сценарий қарастырылып отыр. Біріншісі — солшыл коалициялық азшылық үкіметінің билікте қалуы, екіншісі — оппозициядағы екі оңшыл партияның коалиция құруы.
Сауалнамаларға сәйкес, оппозициядағы негізгі Халық партиясы (PP) көш бастап тұр. Ол оңшыл Vox партиясымен бірлесіп, парламентте көпшілік орынға ие болуы мүмкін.
Сегіз жылдан бері премьер-министр қызметін атқарып келе жатқан Испания социалистік жұмысшы партиясының (ИСРП) жетекшісі Педро Санчес 2023 жылғы сайлаудан кейін қазіргі үкіметін жасақтаған кезден бастап бірқатар күрделі мәселеге тап болды. Бұған дейін ол үш сайлаудың қорытындысы бойынша әртүрлі құрамдағы үкіметтерді басқарған.
Үкіметтің саяси ұстанымына кері әсер еткен оқиғалардың қатарында шілде айының соңында Мароккодан Солтүстік Африкадағы Испания анклавы Сеута аумағына шамамен 80 мың заңсыз мигранттың өтуі, Канар аралдарындағы көші-қон мәселесінің шиеленісуі, бір жыл ішінде 100-ден астам адамның өмірін қиған екі жоғары жылдамдықты пойыз апаты, сондай-ақ Санчестің жұбайы мен бауырына және оның партиясының екі жоғары лауазымды өкіліне қатысты сыбайлас жемқорлық айыптаулары бар.
Бұған қоса, парламентте көпшілік орынның болмауы үкіметке кейбір кезеңдерде бюджет жобасын ұсынуға және бірқатар заң жобасын қабылдатуға мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан министрлер кабинеті елді жарлықтар арқылы басқаруға мәжбүр болды.
Алдыңғы сайлауда бірінші орын алғанымен, үкімет жасақтауға қажетті қолдауға ие бола алмағандықтан оппозицияда қалған Халық партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары ретінде 1 миллион тұрғын үй салуды, табыс салығын төмендетуді және көші-қон саясатын қатаңдатуды белгіледі.
Испания тарихында алғаш рет көші-қон мәселесі сайлаушылардың таңдауына ықпал ететін негізгі факторлардың біріне айналды. Бұл мәселеде оңшыл және солшыл партиялардың ұстанымдары бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді.
Заңсыз көші-қонмен күресу үшін Халық партиясы мен Vox елдің оңтүстік жағалауындағы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңсыз мигранттарды тасымалдайтын кемелерді тоқтату мақсатында әскери-теңіз күштерін пайдалануды ұсынып отыр. Сонымен қатар олар биыл 1 миллионнан астам адам өтініш берген мигранттарды заңдастыру рәсімін қайта өткізудің қарсыластары.
Ал Испания социалистік жұмысшы партиясы мен солшыл партияларды біріктіретін «Кең майдан» елге мигранттар қажет екенін алға тартады. Олар заңды көші-қонды қамтамасыз ету және мигранттардың құқықтарын қорғау мақсатында үшінші елдермен келісімдер жасасуды қолдайды.
Санчес испандықтарды «реакциялық және прогрессивті бағыттың» бірін таңдауға шақырды
Сайлауалды науқан барысында Испания премьер-министрі Педро Санчес алдағы сайлауда испандықтар «реакциялық және прогрессивті бағыттың» бірін таңдауы тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеді.
Санчес өз үкіметін «демократиялық, прогрессивті және бостандықты қолдайтын» билік ретінде сипаттайды. Сондай-ақ ол оңшыл және әсіре оңшыл күштерді АҚШ президенті Дональд Трамп пен Аргентина президенті Хавьер Милейдің саяси ұстанымдарымен қатар қойып, олардың «демократиялық кері кету мен қатаң үнемдеу саясатынан басқа ештеңе ұсынбайтынын» мәлімдеді.
Премьер-министрдің пікірінше, ірі капитал өкілдері, алпауыт корпорациялар мен технологиялық олигархтар оңшыл күштерді қолдайды.
Санчестің айтуынша, 2023 жылы 66 пайыз болған сайлаушылардың белсенділігі бұл жолы 75 пайыздан асса, социалистік үкіметтің билікте тағы төрт жыл қалу мүмкіндігі артады.
Сонымен қатар Санчес үкіметінің сыртқы саясаттағы бірқатар маңызды шешімдеріне қарамастан, сайлауалды науқан барысында бұл тақырып іс жүзінде талқыланбады.
Олардың қатарында Палестина мемлекетін мойындау, Израильге қару-жарақ жеткізуге эмбарго енгізу және Израиль қоныстарынан өнім импорттауға тыйым салу, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарына қарсы шығу, Испанияның әскери базалары мен әуе кеңістігін пайдалануға шектеу қою, Украинаға жан-жақты қолдау көрсету, сондай-ақ НАТО елдерінің қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін арттыру бастамасына қарсы шығу бар.
Санчестің сыртқы саяси шешімдерін тұрақты түрде сынға алып келген және негізінен Трамптың саясатын қолдайтын оңшыл партиялар сайлауалды науқан кезінде социалистік үкіметті, ең алдымен, көші-қон саясаты мен сыбайлас жемқорлық даулары бойынша сынға алуға басымдық берді.
Әлеуметтанушылардың бағалауынша, социалистер көшбасшысының сегіз жылдық билігі кезеңінде саяси ұстанымы әлсіреген. Болжамдарға сәйкес, Халық партиясы сайлауда бірінші орын алып, Vox партиясымен бірлесіп, парламентте 190-нан астам мандат иеленуі мүмкін. Бұл үкімет жасақтауға қажетті абсолютті көпшілікті қамтамасыз етеді.
Болжам бойынша, Халық партиясы 112–146, Испания социалистік жұмысшы партиясы 100–133, Vox 44–75, ал «Кең майдан» 8–17 депутаттық мандатқа ие болуы мүмкін.
Жалпыұлттық сайлау нәтижесінде Депутаттар конгресінің 350 мүшесі және Сенаттың 209 мүшесі сайланады.
Елде барлығы 38 616 949 сайлаушы тіркелген. Олардың 1 615 034-і алғаш рет дауыс бермек.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін 22 мың дауыс беру орталығында орналасқан 210 мың сайлау учаскесінде өтеді.
Қазіргі уақытта 350 орындық Депутаттар конгресіндегі мандаттар төмендегідей бөлінген:
- Халық партиясы (PP) — 137;
- Испания социалистік жұмысшы партиясы (PSOE) — 121;
- Vox — 33;
- Sumar — 31;
- Каталонияның республикалық солшылдары (ERC) — 7;
- «Каталония үшін бірге» (Junts) — 7;
- EH Bildu — 6;
- Баск ұлтшыл партиясы (PNV) — 5;
- Наварра халық одағы (UPN) — 1;
- Канар коалициясы (CC) — 1;
- Галисия ұлтшыл блогы (BNG) — 1.