Испанияда пойыз апатына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда ондаған адамның өмірін қиған теміржол апатына байланысты 29-31 қазан аралығында жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Педро Санчес мәлімдеді, деп The Guardian басылымына сілтеме жасап, Report агенттігі жазды.
— Испания қайғыға ортақтасып, зардап шеккендерге қолдау білдіреді. Испания Үкіметі мен бүкіл мемлекет зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қолдау көрсетеді, – деді Педро Санчес.
Теміржол апаты Толедо провинциясындағы Урда станциясының маңында Renfe және Iryo компанияларына тиесілі пойыздардың соқтығысуы салдарынан болған. Соңғы мәлімет бойынша, кемінде 68 адам қаза тапқан.
Андалусияда да үш күндік аза тұту жарияланды
Испанияның Андалусия аймағының билігі де теміржол апатынан қаза тапқандарға байланысты үш күндік аза тұту жариялады. Бұл туралы аймақтық үкімет басшысы Хуанма Морено мәлімдеді.
— Біз қайғыдан есеңгіреп отырмыз. Бүкіл Андалусия осы кезекті теміржол апатынан зардап шеккендерге қолдау білдіреді, – деді ол.
Бұған дейін Севилья қаласының мэрі Хосе Луис Санс та үш күндік аза тұту жариялап, барлық ресми іс-шараны тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Толедо провинциясындағы пойыз апаты салдарынан кемінде 64 адам қаза тапқаны хабарланған. Алдын ала болжам бойынша, апатқа адам факторы себеп болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияның Толедо провинциясындағы жоғары жылдамдыққа арналған теміржол желісінде екі пойыз соқтығысты, апат салдарынан 46 адам қаза тапқанын жаздық.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Испаниядағы теміржол апатында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.