Испанияда пойыз апатынан қаза тапқандар саны артуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияда Толедо провинциясының Урда елді мекені маңында болған пойыз апатынан қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Қазір кемінде 69 адамның көз жұмғаны белгілі. Елде қайғылы оқиғаға байланысты жалпыұлттық аза тұтудың үшінші күні өтіп жатыр, деп хабарлайды Euronews.

Испанияда пойыз апатынан қаза тапқандар саны артуы мүмкін
Фото: Report

Сенбі күні жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері апат болған жерге жақын орналасқан испан ауылында қаза тапқандарды еске алу рәсіміне қатысты. Сан-Хуан-Баутиста шіркеуіндегі орындықтар түгел толып, ондаған адам құлшылықты сырттан тыңдады.

Қаза тапқандардың туыстары марқұмдардың мәйітін анықтау жұмыстарының созылуына байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Испания премьер-министрі Педро Санчес қаза тапқандарды сәйкестендіру жұмыстары барынша жедел жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Кастилия-Ла-Манча автономиялық қауымдастығының басшысы Эмилиано Гарсиа-Пах қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, құтқарушылар адам денесінің бөліктері салынған 31 қап жинаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, хабар-ошарсыз кеткендер туралы 67 өтініш әлі қаралып жатыр. Олардың 14-і шетел азаматтарына қатысты. Атап айтқанда, АҚШ, Канада, Аустралия, Франция, Жапония, Мексика, Аргентина, Венесуэла, Тунис және Чехия азаматтары іздестіріліп жатыр.

Португалия билігі апаттан қаза тапқандар арасында пойыздардың бірінде жұмыс істеген өз азаматы бар екенін растады. Сенбі күні Франция азаматының да көз жұмғаны белгілі болды.

Қазір Кастилия-Ла-Манча ауруханаларында 39 зардап шеккен адам ем қабылдап жатыр.

Сәрсенбіде болған бұл апат Испанияда биылғы екінші ірі пойыз апаты саналады. Сондай-ақ ол осы ғасырдағы Еуропадағы ең ауыр теміржол апаттарының бірі болды.

Санчес теміржолға деген сенімнің әлсірегенін мойындады

Урдадағы апат қараша айындағы сайлау қарсаңында премьер-министр Педро Санческе түсетін саяси қысымды күшейтті.

Жұма күні Санчес жоғары жылдамдықты теміржол желісіне деген сенімнің «күйрегенін» мойындап, мұндай апаттардың қайталануына жол бермеу үшін шешімдер қабылдауға уәде берді.

Оқиға Мадрид пен Севильяны байланыстыратын негізгі теміржол желілерінің бірінде болған. Қаңтарда да осы бағытта пойыздар соқтығысып, Андалусияда 46 адам қаза тапқан еді.

Пойыз машинистерінің Semaf кәсіподағы теміржол қауіпсіздігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды талап етіп, 10 және 12 қарашада ереуіл өткізетінін жариялады. Бейсенбіде машинистер апатқа дейін жоспарланған ереуілге де шыққан еді.

Негізгі оппозициялық консервативтік Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо үкіметті ескірген қауіпсіздік жүйесін уақытында жаңартпағаны үшін айыптады.

Апаттан қаза тапқандардың бірінің туысы Сесилио AFP агенттігіне берген сұхбатында енді пойызға мінудің өзі қорқынышты болып қалғанын айтты. Оның пікірінше, соңғы тоғыз айда болған адам өліміне әкелген оқиғалар бүкіл қоғам мен саясаткерлерді теміржол қауіпсіздігі туралы ойлануға мәжбүр етуі керек.

Айта кетейік, Испаниядағы бірнеше ондаған адамның өмірін қиған пойыз апатына не себеп болуы мүмкін екенін жазған едік.