Испанияда шамамен 6000 жыл бұрынғы балға мен сүйретпе табылды

Тарих
Фото: MUTERMUR project.

Альбуноладағы (Гранада, Испания) Куева де лос Мурсиелагос үңгірінде Еуропаның оңтүстігінде тұратын аңшылар мен ертедегі фермерлердің (сәйкесінше 9500 және 6200 жыл бұрын) өсімдік заттарын тоқығандығын растайтын дәлелдер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Arkeonews сайтына сілтеме жасап.

Куева де лос Мурсиелагос немесе жарғанаттар үңгірі — ХІХ ғасырда тау-кен жұмыстары кезінде табылған Испанияның оңтүстік-батысындағы үңгірлер жүйесі. Үңгірдегі қазба жұмыстары кезінде қоржындар, сүйретпелер және ағаш балға табылды.

Бұл жер - Пиреней түбегінде табылған органикалық материалдардың бірегей сақталуына байланысты тарихқа дейінгі дәуірдегі маңызды археологиялық орындардың бірі.

Испаниядағы Алькала университетінің қызметкері Франсиско Мартинес Севилья мен оның әріптестері үңгірден табылған 76 жәдігерді зерттеді. Зерттеу Science Advances журналында жарияланды.

Қазба жұмыстары кезінде эспарто шөбінен (альфа немесе қауырсын шөп) тоқылған 65-ке жуық бұйымдар анықталды, оның ішінде себеттер жиынтығы, эспарто шөптерін ұсақтап, бұрау арқылы жасалған сүйретпелер, балға мен қазу таяқтары сияқты ағаш құралдар бар.

Болжам бойынша, табылған заттардың бір бөлігі екі уақыт кезеңінің біріне жатады: б.з.б. 7950-7360 жылдар немесе б.з.б. 4370-3740 жылдар.

Алькала университетінің зерттеушісі Франсиско Мартинес Севильяның айтуынша, олжаларды мезолит дәуіріндегі аңшылар жасаған, ал ескі нысандарды неолит дәуіріндегі фермерлер пайдаланған болуы мүмкін.

Үңгірден табылған шамамен 6000 жылдық сүйретпе - Еуропада табылған ең көне аяқ киім.

Тоқудың сапасы мен технологиялық күрделілігі Еуропаның оңтүстігінде ауыл шаруашылығы пайда болғанға дейін адам қауымдарының өмірінің қарапайымдылығы туралы болжамдарға күмән келтіретіні атап өтіледі.

Соңғы жаңалықтар