Испанияда терең құдыққа түсіп кеткен 2 жасар баланың денесі табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Испанияның Малага провинциясында 100 метрлік құдыққа түсіп кеткен 2 жасар Юленді іздеу операциясы аяқталды. Бүлдіршіннің денесі арада 13 күн өткенде табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com агенттігіне сілтеме жасап.

Испанияда терең құдыққа түсіп кеткен 2 жасар баланың денесі табылды

Испания премьер-министрі мен король балақайдың отбасына көңіл айтты.

Айта кету керек, бұл құтқару операциясы Испания тарихындағы ең күрделі әрі ауыр оқиға болды. Баланы алып шығу үшін жаңадан тоннель қазуға тура келді. Айта кетерлігі, жерасты галереясының бір бөлігін шахтерлер қолмен қазды. Бірақ жұмсалған күш-жігер мен іс-әрекеттерге қарамастан баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

«Юленнің ата-анасынан шұғыл хабар түскен сәттен бастап Малага полициясы тергеуді бастап кетті. Құқық қорғау органдары баланың құдыққа қалай құлап кеткенін, неге олай болғанын бастан-аяқ анықтайтын болады», - деп мәлім етті Euronews.

Еске сала кетейік, осыдан 11 күн бұрын 2 жасар Юленнің тереңдігі 100 метр, ені 25 сантиметр болатын ұңғымаға құлап кеткенін жазған едік.