Испанияда тұрғын үй тапшылығын жою үшін 750 мың жаңа баспана қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Мадрид, Барселона, Аликанте, Валенсия, Мурсия және Малага қалаларында салынған тұрғын үйлер саны мен жаңадан құрылған үй шаруашылықтары арасындағы алшақтық ең жоғары деңгейге жетіп, 52,5 пайыз болды, деп хабарлайды Еuronews.

Испанияда тұрғын үй тапшылығын жою үшін 750 мың жаңа баспана қажет
Фото: euronews

Бұл әсіресе тұрғындардың 36 пайызына дейін шоғырланған аталған қалалардың орталықтарында айқын байқалады.

— Тұрғын үй нарығындағы ұсыныс сұраныстың өсуіне жеткілікті деңгейде жауап бере алмады, — деп мәлімдеді Испания банкі ел экономикасының 2025 жылғы жай-күйі туралы жыл сайынғы баяндамасында.

Реттеуші органның бағалауынша, қалыптасқан теңгерімсіздікті жою үшін жаңадан пайда болған үй шаруашылықтары саны мен қолжетімді тұрғын үй ұсынысы арасындағы айырмашылықты жабу мақсатында жалпы саны 750 мың жаңа тұрғын үй қажет.

Алайда банк сарапшылары бұл жағдай Испанияның барлық провинциясына тән емес екенін ескертеді. Мысалы, Авила провинциясында тұрғын үй қорының 58,2 пайызы теориялық тұрғыда нарыққа шығарылып, ұсынысты арттыра алады. Ал Мадридте бұл көрсеткіш небәрі 9,9 пайыз. Ел бойынша орташа көрсеткіш — 27,1 пайыз. Елордадан кейін ең күрделі жағдай Барселона, Аликанте, Валенсия, Мурсия және Малагада қалыптасқан.

Испания банкі тұрғын үй ұсынысының артуына тағы бір кедергі ретінде тұрғын үйлердің едәуір бөлігі туристік немесе маусымдық жалға беру мақсатында пайдаланылып отырғанын атап өтті.

Мұндай нысандар саны шамамен 400 мыңға жетеді. Сонымен қатар көптеген үй испандықтар мен шетелдіктердің екінші баспанасы ретінде қолданылып отыр.

— 2021–2025 жылдар аралығында бейрезиденттердің тұрғын үй сатып алуы барлық мәміленің 7,4 пайызын құрады, бұл жылына орта есеппен 50 мың тұрғын үйге тең, — делінген баяндамада.

Бұл мәселе әсіресе Жерорта теңізі жағалауында өткір сезіледі.

Сондай-ақ ел бойынша тағы бір парадокс байқалады: 2000-жылдардағы құрылыс қарқыны кезінде салынған шамамен 450 мың үй бос тұр. Олардың ешкім тұрмайтын себебі — отбасылық өмірге қолайсыз немесе техникалық жағдайы нашар.

Тұрғын үй ұсынысының өсуіне реттеуші кедергілер, білікті жұмыс күшінің тапшылығы және тұрғын үйдің басқа форматтарға ауысуы да әсер етіп отыр.

Құжатта «Испания мен Португалия жаңа тұрғын үй құрылысының өсуі үй шаруашылығы санының артуымен салыстырғанда ең төмен болған елдердің қатарында ерекшеленеді» деп атап көрсетілген. Қолданыстағы тұрғын үй қорына қатысты жинақталған тапшылық Испанияда 6,6 пайызды, ал Португалияда 3,7 пайыз.

Соған қарамастан, халқы ауыр тұрғын үй дағдарысын бастан өткеріп отырған Португалияда тапшылық көлемі 300 мың үй. Бұл көрсеткіш Испаниядағы 750 мың үй тапшылығынан аз болғанымен, Италиядағы 400 мың тұрғын үй жетіспеушілігінен жоғары.

Ал Франция жалпы алғанда тұрғын үй теңгерімін сақтап отыр. Германия болса, тұрғын үй тапшылығын 0,5 пайызға қысқарта алған еуроаймақтағы жалғыз ірі экономика болып отыр.

Муниципалитеттер, автономиялық қауымдастықтар және орталық билік арасындағы нормалардың айырмашылығы мен қайталануы сияқты бюрократиялық кедергілер Испанияда тұрғын үй құрылысын жеделдетуге мүмкіндік бермейді.

Бұған қоса, қала құрылысы жоспарларын басқарудың ұзаққа созылуы, қолайлы жұмыс күшінің жетіспеуі және еңбек өнімділігінің төмендеуі де әсер етіп отыр.

— Елдегі үй шаруашылықтарының 36 пайызы тұратын алты ірі қалалық агломерацияда салуға болатын, бірақ әлі жүзеге асырылмаған тұрғын үйлердің көлемі шамамен 1,1 миллион, — деп атап өтті Испания банкі.

Алайда осы алты ірі агломерацияның астаналарында жоспарланған тұрғын үй құрылысының әлеуеті шамамен 320 мың нысанмен ғана шектеледі.

Айта кетелік Испанияға екі жылда 2 млн-нан астам мигрант келген