Испаниядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 158 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Испанияда нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 158-ге жетті. Бұл туралы бейсенбі күні түстен кейін елдің төтенше жағдайлар қызметі хабарлады, деп жазады Синьхуа агенттігі.
Бір ғана Валенсия автономиялық қауымдастығында сейсенбі күні кештен сәрсенбіге дейін аймақта болған су тасқыны кем дегенде 155 адамның өмірін қиды, деп хабарлады аймақ билігі.
Әлеуметтік желідегі X жазбасында Валенсияның төтенше жағдайларды үйлестіру орталығы құтқарушылар зардап шеккендерді іздеуді және анықтауды жалғастырып жатқанын айтты.
Андалусия мен Кастилия-Ла-Манчада тағы үш адам қаза тапты, деп хабарлады аймақтық төтенше жағдайлар қызметі.
Испания премьер-министрі Педро Санчес бейсенбі күні Валенсиядағы үйлестірілген және біріктірілген операциялар орталығына барып, қатты жаңбыр мен су тасқынына себеп болған төтенше ауа райы жағдайы «әлі де қауіп төндіріп тұрғанын» ескертті.
Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте нөсер жаңбырдан екі туннель опырылып, пойыз жолдарын зақымдағаннан кейін Валенсия мен Мадрид арасындағы жүрдек пойыз қатынасы кем дегенде екі аптаға тоқтатылатынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияда үш күн аза тұту жарияланғанын жазған болатынбыз..