Испаниядағы қазақстандық журналист: Мұнда карантин бұзғанға ең төменгі айыппұл 100 еуро
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жыл COVID-19 вирусының дүние жүзін дүрліктіруімен есте қалары сөзсіз. Аталған індеттен айтарлықтай зардап шеккен мемлекеттің бірі - Испания. Бұл ел коронавирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.Қазақстандағы «Академия стиля» журналының директоры, Испаниядағы «Коста Дель Соль жаңалықтары – Не? Қайда? Қашан?» ақпарат порталының негізін қалаушы, журналист Мәдина Абдрашитова қазір Малага провинциясында тұрып жатыр.
Ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Испаниядағы қазіргі ахуал, коронавирус не себепті жылдам тарап кеткені және тәртіпке бағынбағандар қалай жазаланатыны жайлы әңгімелеп берді.

- Испанияда тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды?
- Испанияда үш жарым жылдан бері тұрамын. Қазақстаннан өзге мемлекетте тұрғым келмейтін. Еуропаны шарлап, Испанияның оңтүстігіне барған кезде – сол жақта қалғым келетінін түсіндім. Бұл көкжиекті кеңейту десе болады, ал жалпы елімнен түбегейлі көшіп кету туралы ойым жоқ. Жарты жыл Қазақстанда, жарты жыл Испанияда тұрамын. Қазақстанда менің өз жұмыс тобым бар, сондықтан ол жақта да жұмыс істеу ыңғайлы. Әр түрлі бағытта жұмыс істеймін. Мысалы, «Академия стиля» журналы сән әлеміндегі кәсіби мамандарға арналған. Ал Испанияда екі жарым жыл бұрын «Коста Дель Соль жаңалықтары – Не? Қайда? Қашан?» ақпарат порталын аштым.
- Испанияда ақпарат порталын ашуға не түрткі болды?
- Испанияның оңтүстігінде орыс тілінде ешкім ақпарат таратпайтынын байқадым. Тұрғындар WhatsАpp арқылы сұрақтар қоятын, себебі кейбір жаңалықтарды испан тілін білетіндердің өзі түсінбей қалып жатады. Ол жақтағы орыстілді тұрғындар испан тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарын оқығысы келмейтінін білдім. Сонымен бірге жергілікті жаңалықтың көлемі 2-3 бет болғанымен, не, қайда, қашан деген нақты сұрақтарға жауап бермейді.
Бүгінгі таңда біздің ақпараттық порталдың 3 000 оқырманы бар. Оның 2 500-і – белсенді қолданушылар. Жергілікті жаңалықтарды басты назарда ұстаймын. Кейде оқырмандарымның өздері жаңалық пен қай жерде не болып жатқанын айқындайтын суреттер жібереді.
- Бүгінгі пандемия тақырыбына ойыссақ. Испанияда коронавирус қашан, қалай басталды?
- Мен Алматыдан Испанияға биыл ақпан айының ортасында келдім. Бастапқыда билік алаңдаудың қажеті жоқ, қолды жиі жуу керек деп қана айтып жатты. Жергілікті халық медициналық маска таққан жоқ. Алғашында олар маска таққан бізден қорықса, қазір керісінше маскасыз адамдарға күдікпен қарайды. Бұл бізде «жоғары дабыл режимі» деп аталады. Испанияда көппартиялы парламент, сол себепті үкіметке төтенше жағдай режимін енгізуге мүмкіндік бермей отыр. 14 наурызда қозғалысты шектеу және жоғары дабыл режимі енгізілді. Бұл жақта «Карантин» деген сөз ауырған адамдармен байланыста болған және оқшауланып жатқан адамдарға ғана қатысты айтылады. Қазақстандағыдай тек жақын маңдағы дүкен, дәріханаға, қоқыс төгуге ғана шығуға болады.
- Коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
- Ақпан айының соңында бір апта бойы карнавал болды. Сол кезде карнавалға тыйым салынуы керек болғанын қазір бәрі түсініп отыр. Бұдан бөлек 8 наурыз күні зорлық-зомбылыққа қарсы шеру болды, оған әйелдер де, ер адамдар да қатысты. Осы шерудің салдарынан Мадридте көп адам коронавирус жұқтырды. Оның ішінде министр де, премьер-министрдің жұбайы да болды. Мадридтегі жағдайды естіген кезде уайымдай бастадым. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұқаралық шаралар мен карнавал өткізбеуді ұсынған. Тәртіп сақтағанда бұлай болмас еді. Осы жағдайдан кейін дағдарыс басталды.
- Жоғары дабыл режимі енгізілгеннен кейін ереже сақтамаған адамдарға қандай шара қолданады?
- Билік навигатор арқылы әр адамның қайда жүргенін бақылап отыратынын ресми мәлімдеді. Бұл шара қажет. Испанияда Еуропаның түкпір-түкпірінен келген зейнеткерлер көп. Олар заң бойынша жүреді, ал испаниялықтарды тәртіпке бағындыру – қиын. Ережеге бағынбағаны үшін салынатын айыппұл көлемі 100 еуродан басталады. Егер адам карантиннен немесе ауруханадан қашып кетсе – оған үлкен мөлшерде айыппұл салынады және оны кейбіреулер өмір бойы төлеуі де мүмкін. Себебі қашып кеткен адам айналасындағыларға қауіп төндіреді. Сондай-ақ, бұл жақта қатаң шектеу шараларын енгізді, мәселен көшеге екі адам болып шығуға болмайды. Бұл ереже балаларға да қатысты. Орындамаса, полиция қызметкерлері ұстап, айыппұл салады.
Мәселен, Қазақстанға шетелден келгендерді бірден карантинге жауып, оқшаулап ұстады. Бұл ең дұрыс шешім болды. Осының арқасында Қазақстанда вирус Испаниядағыдай көп таралған жоқ.

- Испандарға үйде отыру өте қиын екенін айттыңыз. Олар мұндай жағдайда эмоцияларын қалай шығарып жүр?
- Иә, олар - тез тіл табысқыш, эмоционалды халық. Сондықтан олар үшін 12 сағаттан артық үйде отыру – қиын. Күн сайын кешкі сағат 20:00-де балконға шығып, дәрігерлерді қолдап жатамыз. Көбі «Вива, Испания!» деп дауыстайды. Қол соғып болған соң бәрі бір-біріне «Ертең жолыққанша!» деп қош айтысады. Осы әрекет адамдарға айтарлықтай күш-қуат береді. Дәрігерлермен қатар полиция қызметкерлерінің еңбегін де айтып өту керек. Олар – бейбіт заманның батырлары.
- Испанияда қандай ұйымдардың жұмысы тоқтап, қандай мекемелер жұмыс істеп тұр?
- Испанияда медициналық мекемелер мен азық-түлік сатудан басқа барлық кәсіпорынның жұмысы тоқтаған еді. 13 сәуірде бірқатар кәсіпорын мен зауыт іске қосылды. Шаштараз қызметін үйге келіп істейді. Халықтың бір бөлігі – жалғыз тұратын қариялар. Олардың балалары оқуда немесе шетелде тұрып жүмыс істейді. Осындай егде жастағы ерлі-зайыптылар жақын маңдағы шаштаразға бірге барып үйреніп қалған. Ол жерде шаш қиып, жуып береді. Сонымен қатар кір жуып, кептіріп беретін жер ашылды. Қарт адамдар үшін балконға шығып, кір жаю да оңай емес.
- Қазір дәрігерлер үшін қиын кезең. Оларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр?
- Мадридте жағдай қиын. Испанияда мейрамханасы барлар дәрігерлерге тамақ жеткізіп тұрады. Мысалы, қайырымды жандардың көмегімен ақша жинап, соған бутерброд жасап, тегін таратады.
- Ал халыққа билік тарапынан қандай қолдау көрсетіліп отыр?
- Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыскерлерін еңбек демалысына шығарды, оларға мемлекет жәрдемақы төлейді. Ипотекасы барлар бірнеше ай төлемнен босатылды. Егер тұрып жатқан пәтеріңнің жалға алу уақыты аяқталса және келесі айға төлеу мүмкіндігің болмаса – пәтер иесі қуып шыға алмайды. Экономикалық жағдай едәуір өзгеріске ұшырап жатыр, бірақ мен бұл саланы терең зерттеген жоқпын. Ақпаратты осы тақырыпта жазатын әріптестерімнен аламын.
- Өзіңіздің хал-жағдайыңыз қалай?
- Мен аса қиналып жүрген жоқпын, өйткені эмоциялық жағынан тұрақты адаммын. Аптасына бірнеше рет көшеге шығамын. Құрбыларымнан басқа ешкіммен араласпаймын. Далаға шыққан кезде міндетті түрде медициналық маска, қолғап киемін. Менде қорқыныш сезімі жоқ, бірақ қауіпсіздік шараларын сақтаймын. Менің үйімнен 100 метр жерде теңіз бар, сондықтан шығар иммунитетім жақсы.
Теледидардан түрлі негатив ақпарат көп беріледі. Меніңше, жақсы жаңалықтар керек. Мысалы, жоғарыда айтып өткен ақпарат порталына балалар сурет салып, оны жүк тасымалдайтындарға арнағаны туралы жаздым. Жүк тасымалдаушылар, көлік жүргізушілері тұрғындар мен мендицина қызметкерлерін азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Олар да қазіргі кездің батырлары. Жаңалық жазған кезде не туралы жазатыныңа, таңдайтын суретіңе, қоятын тақырыбыңа аса мән беруің керек, себебі ол оқып отырған адамның санасына әсер етеді.
- Испаниядағы жағдай ары қарай қалай өрбуі мүмкін?
- Испания коронавирус бойынша шарықтау шегіне жетіп қойды. Қазіргі уақытта ауырғандар саны азайып келеді. «Карантин» испан тілінен аударғанда «қырық күн» деген мағына береді. Яғни қырқына шыдасақ, ауруды жеңеміз. Тәртіпті қатаң сақтау қажет. Менің ойым – осы.
- Сұхбатыңызға рахмет!