Испаниядағы кезектен тыс сайлау: Елдің саяси жүйесінде не өзгеруі мүмкін

None
Фото: Pixabay
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптаның соңында Испанияда елдің негізгі заң шығарушы органына сайлау өтеді. Яғни, 23 шілдеде испандықтар төменгі палата – Конгрестің (350 орын) жаңа құрамын, сонымен қатар Сенаттың 265 орнының 208-ін сайлауы тиіс. Негізгі тартыс қандай партиялар арасында жүреді және Испанияның саяси жүйесі үшін алдағы сайлаудың қандай маңызы бар, осы жайлы ҚазАқпарат тілшісінің шолу материалынан оқыңыздар.

Сайлау неліктен кезектен тыс өтуде және қандай партиялар арасында күрес жүреді?


2023 жылдың 28 мамырында өңірлік сайлаудан кейін Испания Премьер-Министрі Педро Санчес Парламенттің төменгі палатасын және жоғары палатасының бір бөлігін мерзімінен бұрын, нақтырақ айтқанда 23 шілдеде сайлауға тура келетіндігін жария еткен болатын. Испан баспасөзінің жазуынша, «социалистер» басшылық жасайтын іс басындағы билік коалициясы өңірлік сайлауларда төмен нәтиже алып қалған. Сондықтан да Премьер-Министр Педро Санчестің бұл шешімі жылдың соңына қарай, яғни жоспарлы сайлау өтетін мерзімге дейін өзінің саяси қарсыластарына күшеюге мүмкіндік бермеуге тырысу деп қабылданып отыр.

Айта кетерлігі, Испания Парламентіне бұған дейінгі сайлау да мерзімінен бұрын, 2019 жылдың 28 сәуірінде өткен еді. Бұл испан демократиялық транзиті уақытынан бергі он үшінші жалпыға ортақ сайлау болатын. Сол кезде Конгрестің 350 депутаты және жоғарғы палатаның 266 сенаторының 208-і сайланған-ды. Испан бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, сол кездегі саяси науқан соңғы 40 жылдағы ең «болжам жасау қиынға соққан» сайлау саналған еді.

Фото: jannoon028/Freepik

Әдетте, Испанияның саяси аренасындағы билік үшін күреске Испан социалистік жұмысшылар партиясы (Partido Socialista Obrero Español, PSOE) бастаған «оңшылдар» партиялары мен солшыл «Халық партиясы» (Partido Popular) қатысады. Испан саясаттанушылары да алдағы сайлау барысында негізгі тартыс дәл осы екі партия арасында жүреді деп күтіп отыр.

Сайлау алдында қоғамдық пікір сауалнамалары испандық «социалистер» де, «Халық партиясы» да азаматтардың басым көпшілігінің дауысын жинай алмай, демек Үкіметті дербес құру құқығына ие бола алмауы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан да алдағы сайлауда жеңіске жеткен партияға елдің өзге де саяси күштерімен коалиция құруына тура келмек.

Қазіргі уақытта Социалистік жұмысшылар партиясы солшыл күштер блогымен коалицияға бірігіп жатыр. Социалистер жеңіске жеткен жағдайда солшыл Sumar платформасымен билік конфигурациясын қалыптастыруы ықтимал.

Испан саясаткерлері «Халық партиясы» жеңіске жеткен жағдайда өте қызық сценарий өрбиді деп жатыр. Аталған партияның көшбасшысы Альберто Нуньес Фейхоо сайлаушылар арасында, оның ішінде әдетте солшылдарға бүйрегі бұратын аудиторияда да танымал бола түсуде.

Альберто Нуньес Фейхоо деген кім?


Алдағы сайлауда жеңіске жетуге басты үміткер Альберто Нуньес Фейхоо 61 жаста. Ол 2009-2022 жылдары аралығында Галисия автономды үкіметінің президенті лауазымында болған. Ал оған дейін Альберто Нуньес Фейхоо мемлекеттік қызметте істеп, Галисия Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрлігінің бас хатшысы болған. Кейіннен елдің Денсаулық министрлігінде дәл сол қызметті атқарған. Сонымен қатар 3 жыл Мемлекеттік пошта және телеграф қоғамының президенті болып жұмыс істеген.

Испания бұқаралық ақпарат құралдары «Халық партиясының» басшысын ұстамды деп сипаттайды. Пікір білдірушілер Альберто нуньес Фейхооның мұның алдындағы «оңшыл» саясаткерлерге қарағанда барынша ұстамды науқан жүргізіп жатқанын, экономикаға және қарапайым испандықтардың табысына қатысты мәселелерге айрықша назар аударатынын жазуда.

Фото: EFE

Еуропалық одақта халқының саны жағынан төртінші орында тұрған елдің экономикалық әл-ауқатына қатысты мәселелер кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары барысында басты орында тұр. Құрлықтағы жоғары инфляция мен энергия тасымалдаушылардың бағасы испандықтардың да қалтасына салмақ салып, табыстарын қысқартып отыр. Қазіргі Үкімет басшысы Педро Санчестен көңілі қалған елдің көптеген тұрғыны жаңа саяси күштерге үміт артып отырғандай.

Испанияның Еуропалық одаққа төрағалығы


Қазіргі уақытта Еуропалық кеңеске төрағалық Швециядан Испанияға өткен болатын. Алдағы алты ай бойы Испания ішкі және сыртқы саясат мәселелерінде Еуропалық одақты алға жетелемек. Сондықтан да көптеген еуропалық байқаушының Испанияда Үкімет ауысса, Мадридтің 2023 жылдың соңына дейінгі ЕО-дағы төрағалығына қалай ықпал етуі мүмкін деп алаңдаушылық танытуының да жөні бар.

Дегенмен «Халық партиясының» көшбасшысы Испания Еуропалық одақ аясындағы басымдықтарын өзгертпейді деп сендіруге тырысқанымен, сарапшылардың пікірінше, Альберто Нуньес Фейхоо коалициясына «Vox» аса ультраоңшыл партиясымен коалиция қажет болуы мүмкін. Бұл дегеніміз Фейхоо коалициясына серіктестерімен санасуға тура келеді.

Фото: globalcapital.com

«Vox» ультраоңшылдар деген кімдер?


Ел тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама «Vox» әсіре оңшыл партиясы 23 шілдегегі сайлауда 13-тен 15 пайызға дейін сайлаушылар дауысын жинауы мүмкін екендігін көрсетіп отыр. Салыстырмалы түрде алып қарағанда аса жоғары емес нәтиже көрінгенімен, коалициялық келісімге келер тұста өзге партиялар үшін зор маңызға ие. Көпшілік партия ерекшелігі ретінде Еуропада алуан түрлі мәндегі мәлімдемелерімен танымал болған «Vox» көшбасшысы Сантьяго Абаскальдің есімін атайды. Сантьяго Абаскаль климаттың өзгеруіне сенбейтіндігін мәлімдеп, «гендерлік идеологияның тоталитарлық заңын» сынға алған болатын. Оның пайымынша, аталған заң ер адамдарды қылмысқа итермелейді.

Сонымен қатар испандық «Vox» өзге де ультраоңшылдар сияқты иммиграциялық саясатты қатаңдатуға шақырып, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге үндейді. Қазірдің өзінде «Vox» партиясы Испанияның ондаған қаласы мен үш автономды өңіріндегі консерваторлармен коалициялық келісім жасасып үлгерді. Испандық саясаткер Сантьяго Абаскальдің Венгрияның билік партиясы, француз оңшылдары, «Италия бауырластары» бірлестігі сынды өзге де еуропалық әсіре оңшылдармен тығыз байланыс орнатуы еуропалық интеграцияны жақтаушылардың алаңдаушылығын тудырып отыр.

Сондықтан да Испанияда алдағы жексенбі күні өтетін кезектен тыс Парламент сайлауы Еуропалық одақтағы мүдделі қоғамдастықтардың жіті назарын аудартып отыр. Оларды мынадай басты сауал қызықтырады: испан сайлауы Еуропадағы әсіре оңшыл көзқарас шын мәнінде де күш жинап келе жатқанын көрсете ала ма?

Фото: PA

Соңғы жаңалықтар